Поэмалардың толық жинағы

Журналымыздың № 1 нөмірін-де 2011 жылдың өне бойында жаңадан жария көрген балалар кітаптары туралы жалпы мәлімет беріп өткен едік. Енді бұл жолы сол аталған кітаптардың ең негізгілеріне кеңірек түрде тоқталып, олардың мән-мазмұнына қысқаша шолу жасамақпыз. Сондай кітаптың бірі – «Арда» баспасынан жария көрген «Қазақ балалар поэмасының антологиясы».

Ғасырды қамтыған
Тұңғыш рет шығып отырған бұл антологияға ұлттық әдебиетімізде балаларға арнап жазған қазақ ақын-жазушыларының жүз жылға жуық кезеңді қамтитын ірілі-ұсақ поэмалары іріктеліп алыныпты. Жинақ поэма жанрының табиғатына қарай фольклорлық, реалистік, сатиралық, фантастикалық деп, төрт тарауға бөлінген. Қазақ ақындарының балаларға арналған ертегі поэмалары жеке жанр ретінде ХХ-ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптаса бастапты.

Ханды жеңген бала
Бейімбет Майлиннің «Өтірікке бәйге» (1922) және Мағжан Жұмабаевтың «Жүсіп хан» (Шын ертек, 1924), «Өтірік ертек» (1926) сияқты поэмалары дәлел. Бұлардың бәрі фольклордан бастау алған. Мәселен, Б.Майлиннің «Өтірікке бәйге» поэмасы «Қырық өтірік» ертегісінің сюжеті негізінде жазылғанымен, оны түгелдей қайталап жатпайды. Қысқаша мазмұны: Іші пысып еріккен хан жұртты жиып, өтірікшілердің бәйгесін ұйымдастырады. Бәйгеге түскендердің өтірігін тыңдап отырып, хан «рас» десе – өтірікшінің жеңілгені, ал «өтірік» десе – өтірікшінің жеңгені. Ханды жеңген өтірікші бір көзе алтынға ие болады. Талай өтірікшінің тауы шағылып, ақырында хан алдына бір таз бала келеді. Ол ханды жеңу мақсатымен көзсіз ерлікке барады. Бала күнінде бұқа бағып жүрген бір шалды көргенін баяндайды, «Тақсыр ханым! Білесіз бе, сол жаман шал кім еді?» деп сұрап:
Білемісің, мен айтайын,
Шалдың жөн-жосығын:
Бұл шал сіздің әкеңіз еді,
Рас па, ханым, осыным? – дейді таз бала. Ұсқынынан жан шошырлық жиіркенішті шалды әкем еді деп айтуға батпаған хан «өтірік» дейді амалсыз. Сөйтіп алтын толы көзе таз балаға бұйырады.
М. Жұмабаев поэмаларын
«Шын ертек», «Өтірік ертек»
атап отырғанының да өзіндік мәні бар. «Жүсіп хан» ертегі
поэмасы қарадан шығып хан болған Жүсіптің қайғылы тағдырын өзек етіп, трагедиялық тұлғасын сомдаса, суретші Арлаудың «Мысық, тышқан» деген
он төрт суреті бойынша жазылған «Өтірік ертек» аллегориялық тәсілді ұстанған мысал жанрына жақын. Ертегі поэмадағы ақынның Жүсіп деп ишаралап отырғаны Иосиф (И.В.Сталин) екенін аңдау қиын емес. Туындының бастапқыда «Шын ертек» аталуының сыры осында.

Ізгілік нұры
Өтебай Тұрмажановтың «Қарлығаш» (1930) ертегі поэмасы – балалар санасының қабылдауына қонымды туындының бірі. Поэмада пейзаж сұлулығын суреттей отырып, баланың эстетикалық танымына ықпал етсе, әрі сол әдемілікті, жарасымдылықты бұзушы жыланмен тартысқа бала зейінін аударады. Поэма кейіпкерлері – жылан, қарлығаш, дәуіт.
Мекендер сол араны шұбар жылан,
Қашаннан құс жанына құмар жылан.
Иісін балапанның біліп, сезіп,
Келеді жемек болып сусап бұған.
Мұнда тіршілік үшін тартыс бала түсінігіне сыйымды түрде өрнектелген. Жас баланың жаны ашитындай сурет бар. Соңында қарлығаштың ұясын дәуіт қорғап қалады. Ақын қамқорлықты, ізгілікті, мейірімді үлгі етеді.
Сапарғали Бегалиннің «Қыран кегі» (1940) – құс-бегілік жайлы аңыз поэма. Балалар қабылдауына жеңіл болу үшін поэманы «Тінейге түскен құс», «Қыран ұясында» атты бөлімдерге бөліп, қызықты, оқиғалы етіп берген.
Жалпы кітапқа қазақ балалар поэмасының клас-
сигіне айналған, әр түрлі жанрдағы қырық бес поэма
топтастырылыпты. Бұл кітапты дүкендерден іздеп
тауып, бос уақыттарыңда оқып, шағын кітапхана-ларыңа қоюға тұратындай бағалы дүние. Өздеріңнің ұлттық әдебиетке деген құштарлықтарыңды арттыруға, тілдеріңді дамытуға, сөздік қорларыңды байытуға игі ықпалын тигізетін жинақ.
Дайындаған: Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.
(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *