Құқығын білген құл болмас…

Таяуда Н.Сац атындағы жасөспірім-дер театрында мектеп оқушыларының арасында «Әділет бәйгесі» атты патриоттық-құқықтық марафон өтті. Аталмыш шараға № 123 мектеп-гимназиясының «Әділет», № 104 мектептің «Самұрық», № 141 мектептің «Әділет», № 72 мектептің «Жеті жарғы», № 139 мектептің «Қырандар» командасы қатысқан болатын.  Бірінші кезеңде командалар мың бұралып би билеп, тамылжытып ән салып, өз топтарын таныстырып шықты. Екінші кезеңде, оқушылардың ой-білігі сынға түсті. Мұнда, тапқыр жауаптар айтылғанмен, кемшін тұстары да кездесіп жатты. Тілдің жұтаңдығы, яғни сөз қорының аздығынан ойын дұрыс жеткізе алмау сезіліп тұр. Оқушылардан аса бір жоғары көркемдік талап етуге келмес, құқықтық білімімен қатар, әдеби кітаптарды көп оқыса, деген тілекші ой ғана біздікі. Осы ойымызды оқып тұрғандай, Әуезов ауданының кітапхана меңгерушісі Иманбаева Дина: «Командалар тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Тек өз ойларын жеткізуде кемшілікке ұрынуда. Бұл – тіл кемшілігі. «Құқығын білген құл болмас», — деп осындай игілікті істердің алдағы уақытта көптеп өткізілуін қолдайтынын білдірді. Үшінші кезең, «Әділет бәйгесінің» бар мәнін ашқандай болды. Кішігірім көріністер арқылы темекіден жиренуге, ұрлық түбі – қорлық екенін, қылмыстың ақыры қасіретке соқтыратынын ұғындырды.
Бауыржан ӘЛІҚОЖА.
 Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ