“Әр кәсіптің өз жұлдызы бар”

Жұлдыздар әлемінде Айгүл Иманбаеваның шоқтығы биік. Айгүл — актриса, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында басты рөлдерде ойнайды. Айгүл — әнші, тележүргізуші. Айгүл — ана.
Танымалдылығы — әсіресе қыз балаларға қатты әсер етуде. Мектеп сахнасында Айгүл Иманбаеваға ұқсап ән шырқайды, мектепішілік шараларды басқарады. Біздің сұқбатымыздың арқауы — қыз бала тәрбиесіне байланысты пікірлесіп, ой түйіндедік.

Айгүл ИМАНБАЕВА

Көктегі жұлдызға теңелу мүмкін емес
— Айгүл! Сізді танымал өнер жұлдызы деп бағалаймыз. Десек те, «жұлдыздар» көбейгеннің үстіне көбеюде…
— Өзімді жұлдызбын деп мақтана алмаймын. Ол—халықтың маған берген бағасы. Мақтана алмайтынымның өзіндік себебі бар. Мен ауылда жаны жайсаң адамдардың арасында өскен қызбын. Соның ішінде әлбетте, менің ата-анам да алдыңғы қатарда тұр. Ауылымыз керемет шұрайлы жерде орналасқан. Мен кең дала, көк балауса шалғынды бел, асқаралы тау етегінде саф ауамен тыныстап есейдім. Сондықтан, болмысыма табиғат өте жақын. Медеу шатқалы жақта обсерватория бар. Мұны балалар да жақсы білуі керек. Кейінгі кездері сол жаққа жиі барамын. Телескоп арқылы көк Тәңіріне көз жіберсеңіз, аспан денелерін анық көресіз. Қараңғы түн, ашық аспан, жарық айда көретін жұлдыздарымыз бізден қаншама биіктікте орналасқан. Жұлдыз болып, жарқырауымыз үшін біз 10 триллион шақырым биікке көтерілуіміз қажет екен.
«Жұлдызға» теңелу үшін өнер адамы соншама деңгейге көтерілуі тиіс. Яғни, Аллатағала жандүниесіне жаратқан таланттан басқа адамгершілігі, имандылығы, мәдениеті, кішіпейілділігі — бәрі-бәрі үйлесіп тұруы керек. Парасаттылығы да сол дәрежеде жарасымын таба білгенде ғана, өзімізге өзіміз осы бағаны лайық деп тапсақ, орынды.
— Өзіңіз «жұлдыз» сөзі туралы қандай пікірдесіз?
— Қазір жұлдыз деп тек әншілерге ғана қатысты
айтып жүрміз ғой. Жасыратыны жоқ, екі-үш ән айтып, бейнебаян түсірсе, «жұлдызбын» деп шыға келетін іні-сіңлілеріміз бар. Тіпті, көпшілікпен сөйлеспек түгілі, дұрыстап амандаспайтын жастарымыз қиялмен көкте жүреді. Әншілер сахнаға шығып, көрерменнің қошаметіне бөленіп жүргендіктен, жұлдыз атанып жүрміз. Кеңірек ойлансақ, әр сала мамандығының өз жұлдызы бар. Соны ұмытпағанымыз жөн.

Баламның өз әлемі бар
— Ұлыңыздың өнер жұлдызына айналғанын қалар ма едіңіз?
— Асылжан қазір жетінші сыныпта. Қазақ–түрік лицейінде оқиды. Осы уақытқа дейін ұлымды бірде-бір рет сахнаға алып шықпаппын. Өйткені, оның сахнаға деген қызығушылығы жоқ. Ұлыма қарағанда, інімнің үш жасар қызы менімен сахнаға шығып үлгерді. Тұла бойынан өнерге деген құлшынысы байқалып-ақ тұр.
— Кішкентай бүлдіршінге өнердегі Сіздің жолыңызды бергей. Бала күніңізде қалаған мамандығыңыз өнер ме еді?
— Ауылда өстік қой. Онда театр жоқ. Актердің кім екенін білмейсің. «Әнші» боламын деп мақтанасың ғой (қүледі). Сөйтіп мектеп сахнасына шығып жүріп, енді міне, өнер әлеміндемін.
— Ұлыңыз өнерден басқа саланы таңдаса, менің жолымды жалғастырмадың деп ренжімейсіз бе?
— Әр мамандықтың өз қиындықтары бар. Оны жеңбейінше, мақсатыңа жете алмайсың. Өнерді таңдаса, қолұшымды беріп демеймін. Басқа мамандыққа құштарлығы артса, онда ренжімеймін. Анасы болғандықтан, жолын бөгемей, дұрыс таңдау жасауына ақыл-кеңесімді аямаймын.

Еңбек етпей, жемісін көрмейсің
— Жоғарыда: «Әр саланың өз жұлдызы бар» деп өте орынды айттыңыз. Жұлдыз атанып, қошаметке бөлену үшін де тынымсыз еңбек ету керек қой.
— Адамды өсіретін де, өшіретін де — еңбек. Өзіме қатысты айтатын болсам, еірнбей ізденбесем, бір әннің төңірегінен аса алмас едім. Үйренуден жалықпасам, актерлік шеберлікті игермес едім. Маңдай терлетпесем, теледидарда жүргізуші бола алмас едім.
Сондықтан, журнал оқырмандарына оқуда да еңбектенбесең, озаттар қатарына іліге алмайсың. Жан-жақты әдеби көркем шығарма оқып, танымыңды байытып, талғам-дәрежеңді өсіруге тырыс дер едім. Қиындықты сабырлылықпен, ыждаһаттылықпен жеңсең ғана арман-мақсатыңа жетесің. Сонда өмір бойы ізденуден шаршама.
Отбасы — тәрбие діңгегі
— Айгүл, әңгімемізді бүгін жас қыздары-мызға байланысты жалғастырсақ. Мұндағы айтарымыз — тәрбие мәселесі. Қоғамды алып қарасақ. Бір қыздар — еуропаға еліктеп кетті. Келесі — арабтарша бүркеніп алды. Енді біреулері не істерін білмей жүр.
— Мен ұл тәрбиелеп отырғандықтан, қыз баланың тәрбиесі туралы айту қиындау шығар (ойланып).
Дегенмен, анамын ғой. Жастарымыздың алып-ұшқан жас арасы толқымалы кезең дейміз ғой, сол 14 пен 23-тің арасы. Осы тұста ата-аналар балаларына қатты қадағалау орнатып, олардың сәл қателіктерін көріп, айқайлап, ұрыспаса игі. Бізде бір жаман қасиет бар. «Анау бәленшенің баласы сондай, сен мұндайсың» деп ұрсамыз. Біз
іштей: «Менің балам неге сондай емес» деп қын-жылмаймыз. Баланың жандүниесіндегі өзгерістерге мән бере бермейміз. Жұмысбастымыз. Осы тұста, қыз бала болсын, ұл болсын дұрыс жолды таңдай алмай қалады. Теріс нәрселер жанын жаулап алады да, соған еліктеп кетеді. Қазір қыздарымыздың былайша айтқанда, топ-топқа бөлініп кетуі балаға деген ата-ананың уақытының жетпеуінен шығар.
Онымен, асықпай отырып, сырласа алмауымыздан келіп, ұл-қыздарымыздың сырт әлемге қызығушылы-ғы артады. Содан келіп, дұрысы осы екен деп сол бағытқа бұрыла береді. Сыртқы әлемнің көрінісі жасөспірімнің жандүниесін еліктіріп алып кетеді де, өз білгенін дұрыс деп, үлкендердің айтқанына үнемі қарсы келіп тұратыны сондықтан.Бірақ, адам баласының арманы таусылмайды. Арманшыл оқырман көбейе бергей.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Ж.КУЧУКОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *