Идеяларымыз қазандай қайнап жататын

Мен «Мөлдір бұлақ» журналына қызметке 2002 жылы тамыз айында қызметке келдім. Журналды тоғызыншы санынан бастап шығара бастадым. Басылымды маған дейін Сумейра Авжы деген түркиялық қыз сол кездегі «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев мырзаның басшылығымен шығарып келген екен. Сумейра екеуміз дос болып кеттік. Жұмысты бар ынта-ықыласымен беріліп істеуші еді. Оның өз жұмысын білетіндігі, идеясының көптігі, ең бастысы әділдігі маған қатты ұнайтын. Балаларға арналған басылым шығару оңай емес. Түннің бір уағына дейін отыратын шағымыз көп болды. Екеумізге кейіннен Бағдагүл Тұрысова деген журналист келіп қосылды. Содан Бағдагүл екеуміздің өмірдегі достығымз «Мөлдір бұлақтан» бастау алды. Бүгінде балаларға арналған «Қазақстан патриоты» журналында қатар қызмет етіп келеміз.
Журнал ол кезде «Казмедиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылығымен жарық көрді. Бұл компанияға Ерсин Демиржи мырза басшылық жасайтын. Бүгінгі басшысы Ахмет Аляз бас директордың орынбасары болатын. Тегінде «Мөлдір бұлақ» сол Ерсин мырзаның идеясының жемісі еді. Ол алғаш Қазақстанға келіп «Қазақстан-ZAMAN» газетіне басшылық жасар тұсында Елбасы — Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болыпты.
Сонда Түркияда шығатын балалар журналын көрсеткенде Елбасы: «Газетке қоса осындай журналды Қазақстанда неге шығармасқа? Мүмкін болса қолға алыңдар!» депті. Ерсин мырза сол жерде: «Шығарамыз!» деп уәде беріпті. «Мөлдір бұлақ» өмірге солай келген.
Басылым танымдық сипатта болатын. Мен журнал жұмысына кіріскен соң, ойлана келе басылымды оқушылар шығармашылығына қарай ойыстырғанды жөн көрдім. Белгілі бір сала болмаса журнал таралымын арттыру қиын. Аға журналистердің ақыл-кеңестерін тыңдай жүріп, өзіміз де үйрен-дік, алға ұмтылдық. Сумейра, Бағдагүл үшеуміз шығармашылық жағынан тіл табысып кеттік. Талай-талай жақсы дүниелер бердік. Идеяларымыз қазан-
дай қайнап жататын. Сол кезде тарату бөлімінде қызмет істеген журналист Жанастан Кучукова көп еңбек сіңірді, мектептерде кездесулер ұйымдастырды, таралымның артуына көмектесті.
Марат Тоқашбаевтың қалалық әкімшіліктен рұқсат алуымен Алматыдағы Астана алаңында бес мыңнан астам оқушы қатысқан акция өткіздік. Көптеген өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Нөмірленген журналдар таратылып, сол бойынша ойна-тылған лотереяға жиырма шақты қалтафон шығарыл-ғаны күні кешегідей есімде. Керемет бір той болып еді. Журнал өткізілген осындай акциялардың, мектептерде өткен кездесулердің, аудандық, облыстық білім басқармаларымен тығыз жұмыс істеудің арқасында тез арада таралымы 33 000 данаға жетті. Сөйтіп бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті.
Журналмен бірге өзіміз де өстік, тәжірибе жинақтадық. Кейін «Той әлемі», «Қазақстан патриоты» сияқты басылымдарды басқарған кезімде сол тәжірибелер қажетке жарады. «Мөлдір бұлақта» істеген кезім жеке өміріме де өзгеріс-тер әкелді. Мәкең сияқты азаматпен (Марат Тоқашбаевпен) шаңырақ көтеріп, Жанеркедей өміріміздің мәніне айналған перзентті болдық. Сондықтан «Мөлдір бұлаққа» алғыстан басқа айтарым жоқ.
Раушан КАРШАЛОВА, «Мөлдір бұлақ» журналының  2002-2005 жылдардағы бас редакторы.

ПІКІР ЖАЗУ