Жол бойында

Бүгін жұма. Мүгедек адамдар Алматының жолдары бойына, мешітке бөлінді. Арбада, балдақта…Әскери тәртіппен адамдарды жан-жаққа жіберіп жатқан ағайдың жанына бардым. Жолатпады. Қасында бет-аузы бояудан көрінбейтін апай екі кішкентай баланы желкелеп, ұрсып жатыр. Балаларға жаным ашып кетті. Неге?.. Мүгедектігі үшін ар-намысы аяққа тапталу керек пе? 
Көкейімде жүрген көптеген сұраққа жауап іздеп, олардың соңына түстім.
— Ағай, мені айыпқа бұйырмаңыз. Сізбен әңгімелессем деп едім.
— Ой, балақай! Мен де өзіммен сырласатын адам таппай аласұрып жүр едім. Жақсы айттың.
— Көліктердің гүрілімен екеуіміз бір-бірімізді естімейміз. Мен Сізді кафеге түскі асқа шақырамын.
— Менімен жүргенге ұялмайсың ба?
— ?!.
Кафеден соң, жайлы орын тауып орналастық та, әңгімемізді жалғастырдық.
— Осы көтерген мәселелерің жастардың жанына тиіп, жүрегін сыздатса, игі. Жастар деп бәрінің бетіне күл шашпаймын. Мен жалғызбын. Ес білгелі әкем түгіл, анамды білмей, елуді еңсеріп келемін. Өмірім алақан жайып өтті. Әріптестер жиналғанда, «Аллаға біз не жаздық» деп қатты налимыз. Тілім жазықты, Алла тағала бізге өмір берді. Тіліміз сайрап тұр. Тек…
Менің және мен секілді жандардың кәріп болып жүргеніміз – ата-анамыздың кесірі. Ата-ана болып, бауыр еті баласына қамқор бола алмай, қаңғытып жібергені.
Балалық шағым балалар үйінде өтті. Ана мейірімін сезбедім, көргенім тәрбиешілердің сұсты жүзі, қатал дауысы. Бала кезімде арманым көп еді. Ұшқыш болуды армандап, арбам бір сәт ұшаққа айналып кететін. Есейе келе арманымның күлі көкке ұшты. Мен анамды ешбір кіналамаймын. Мүмкін тірі болса, ұлының маңдайынан иіскеуге зар болып жүрген де болар. «Хақ» деп алақан жайғанымда, қасыма келіп, «Құдай» жолында садақа беретін көп кемпірдің бірі шығар…
— Жаңа әңгімемді орта жолдан бұрып әкеттім. Күздің күні жадырап тұрғанымен, ызғары бар. Жаураған жоқсың ба?
Ағайдың көздері мейірленіп, баласын жұбатқандай болды.
— Мен жаурамадым, осы сауалды Сізге қойсам ба деп едім.
— Жаурады дегеннен шығады. 13-14 жастамын. Тәрбиешінің айтқанын тыңдамадым. Әлгі апай мені ауыз ашпастан итеріп далаға шығарып тастады да, есікті жауып алды. Далада қар. Есік алдындағы орындықта өміріме налып:
— Мені туған шешем қайда? Кім ол? Мен неге басқалардай жылы үйде, отбасында өмір сүрмеймін, — деп жылап, аязда жаурап отырып, ұйықтап кетіппін. Айта берсем әңгіме көп, үсіп қалыппын. Балалар үйінде тәрбиеленіп, осы халге түспегенде менің отбасым, сендей балаларым болар еді…
Әлгі қатыгез апайды кездестірсем, оған айтарым бар. Менің жайым, міне. Бір жапырақ нанмен жылы үйге зар болып жүргенім. Менде мейірімділік, жылылық, балаға деген махаббат та шексіз. Кішкентай балалардың маңдайынан иіскеп, бауырыма басқым келеді. Маған кім баласын жолатсын… Ағаймен қоштасып жолға шықтым. Болашақта балаларымыздың дәл осылайша жүрегі шерге толып, өзегі өртенбес үшін «Тағдыр», «Өмір», «Шындық пен қауесет» тақырыптарында әңгіме қозғағанды жөн көрдім.
Арман ЖЕТЕЛЕГЕНОВ.
Құрметті оқырман! Бұл тақырыпты сендер де жалғастыра аласыңдар. Тақырып аясында небір тылсым дүние, құпия сыр, асқақ арман мен бала көңіл жатыр…
Сенің «Мөлдір бұлағың».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *