Балықтар патшалығы

Шахназ АМЕНОВА

Ерте, ерте, ертеде, бір белгісіз теңізде балықтар патшалығы құрылыпты. Ол патшалықтың басшысы кит екен. Патша еліне елеулі, халқына қалаулы, абыройлы болыпты. Қарамағындағылар оны құрмет тұтып, айтқанын екі етпейді екен. Кит ірі, азулы, көк көзді екен. Сонымен бірге жомарт, қолы береген. Бұл патшалықтың халқы тату, арыздасу дегенді білмейтін кең пейілді деседі. Осылай ай артынан ай, жыл артынан жыл өтеді. Бір күні патшаға қарамағындағы балықтар тамаша ой айтады. Ол – сол теңізден тағы бір қалашық тұрғызу еді. Бұл ойды кит патша бірден құп алған соң, құрылыс қызу басталып кетеді. Қалашық тұрғызу өте қарқынды жүреді. Олар қалашықты ағаштан тұрғызатын болғандықтан, жақын маңдағы құрлықтарға барады. Бұл іске жауапты акулалар ағашты кесіп сазандарға жеткізіп отырады. Ағаштарды кесіп, тазалағаннан кейін бекірелерге береді. Бекірелердің міндеті – дайын ағаштарды қағу болатын. Ол өз істерін мүлтіксіз орындап, әрбір іске мұқият қарайды. Одан соң шортандар келіп, көздің жауын алатын түрлі өрнектер салып, сырлайды. Біраз уақыттан соң қала да салынып бітеді. Қаланың қақ ортасындағы патшаның еңселі ордасына балықтар патшалығының туы тігіледі. Шаһар шетінде күзетші-балықтар кезекпе-кезек қарауылдап тұрады.
Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, қарқынды дамып келе жатқан бұл елдің таңдай қақтырар тұрмысы көрші жатқан су астының өкілдеріне ұнамайтын. Олар ақыры тұтқиылдан шабуылға шығады. Күзетте тұрған сарбаз балық бұл суық хабарды лезде жеткізгенімен, кит патшалығының әскері дәл осы күні қаннен-қаперсіз демалып жатқан болатын. Тосыннан келген жауға әскерлер жүйелі қарсылық көрсете алмай қалады. Сарбаздары екі есе көп көрші елдің әскеріне барынша қарсылық көрсетіп баққанымен, жеңілуге мәжбүр болады. Мерейлері үстем болған көршілер орданың тас-талқанын шығарып, зәулім үйлерді қиратады. Ең өкініштісі, бұл соғыста кит патшаның қазаға ұшырауы еді. Кит патша өмірден озған соң, бұл патшалықтың берекесі кетіп, араздық орын алып, жаппай ұрыс-керіс көбейеді. Бірлігі кетіп, іргесі сөгілген патшалықтың хал-қадірін бағамдаған ақсақалдары ойласа келе бір ауыздан жарлық шығарады. «Әр балық қалаған жағына барсын», — деген бұйрық шығысымен, патшалықтың желбіреген туы құлатылып, халық жөн-жөніне кетеді. Қара суды қақ тілген сазандар, тұйық теңізде үнсіз жүзген акулалар, көлдің көркі майшабақтарға дейін өз бетімен тіршілік етуге кірісті.
Арада уақыт өте келе Балықтар патшалығының болғандығы ұмытылып, мүлдем айтылмай кетеді. Патшалықтың билік құрғанына куә су астындағы жартастар мен балдырлар, өзге де жәндіктер мен көлбақалар ғана еді.

Дарын ЖОЛМЫРЗАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *