Рухани дүниенің қазынасы

Халқымыздың құт-берекесін асырып, еліміз Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын дүркіретіп тойлаған 2011 жыл да өте шықты. Бұл өткен жыл рухани дүниеміз — балалар әдебиетіне қандай кітаптарымен жаңалық қосты, енді соны таразылап көрсек.
2011 жылғы балалар әдебиетінің табысы дегенде ең алдымен балаларға арналған шығармалардың озық үлгілерін анықтайтын халықаралық «Дарабоз» бәйгесін аттап өте алмаймыз. Бәйге жеңімпаздарының шығармаларын топтастырған «Кәусар бұлақ» («Чистый родник») жинағының биыл алтыншы кітабы жарық көрді.
Екінші бір үлкен кітап «Арда» баспасынан жария көрген «Қазақ балалар поэмасының антологиясы». Тұңғыш рет шығып отырған бұл антология ұлттық әдебиетімізде балаларға арнап жазған қазақ ақын-жазушыларының жүз жылға жуық кезеңді қамтитын ірілі-ұсақ поэмалары іріктеліп алынған. Жинақ поэма жанрының табиғатына қарай «Фольклорлық, реалистік, сатиралық, фантастикалық» деп төрт тарауға бөлінген.
Егер әлем әдебиетінің балаларға арналған таңдаулы классикалық шығармаларын іздеп оқып жүрсеңдер, «Балауса» баспасымен таныс боларсыңдар. Бұл баспа «Әлем балалар әдебиеті» сериясы бойынша басуға жоспарлаған 50 томдықтың 35 кітабын шығарып үлгерді. Соның кезекті бес кітабы 2011 жылы жария көрді. Олар: «Шығыс шындығы» қытай жазушыларының шығармалары мен ертегілері; «Арғымақтар арыны» түркі тілдес халықтардың балаларға арналған өлең-жырлары; «Әуелеп ұшқан тырналар» жапон жазушыларының балаларға арналған прозалық шығармалары; Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны» мен Антуан де Сент-Экзюперидің «Атажұрт» кітаптары.
«Балалар әдебиеті» баспасы үшін де 2011 жыл – өте жемісті жыл болды. Бұл баспадан бүгінгі балалар жазушыларының әр түрлі жанрдағы сиясы кеппеген жаңа шығармалары жария көрді. «Тамыр» сериясы бойынша Т.Молдағалиевтің «Балаларға базарлық», С.Оспанның «Жалбыз», С.Қалиұлының «Армысың, ауылым» өлең-жырлар жинағы мен Ш.Күмісбайұлының «Балалық шақ – балдәурен», Ә.Ақпанбеттің «Үш мақтаншақ» әңгіме, повестер жинағы кітап болып шықты.
«Жас дәурен» сериясы бойынша Ж.Кенжалиевтің «Жолың болсын», Б.Мәжитовтың «Балдәурен», С.Үсенұлының «Еліктің лағы» әңгімелер жинағы мен Т.Еділбаевтың «Айша» өлең-жырлары және К.Оразбекұлының «Иол – мәңгілік ағашы» пьесалары жас оқырмандарға жол тартты.
Шымкенттегі «Азиат» баспасы балалар әдебиеті негізін қалаушылар – Ө.Тұрманжанов, М.Мақатаев, Т.Айбергеновтың шығармаларынан тұратын «Балаларға тәбәрік», «Жүз бір жұмбақ» жинақтарын; Мәскеудің «Эгмонт» баспасы «Алтын классика» сериясымен қазақ тілінде «Ақшақар және жеті гном», «Жыңғылдар кітабы», «Аладдин», «101 далматин», «Сұлу және Құбыжық», «Арыстан патша» суретті кітапшаларын; «Асыл кітап» баспа үйі «Бауырсақ», «Қызыл телпек», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Шалқан», «Маса мен аю», «Жыл басына таласқан хайуанаттар» суретті кітаптар топтамасын дүниеге әкелген.
Балалар! Алдағы нөмірлерде осы аталған шығармалардың қысқаша мазмұнымен танысатын боласыздар.
Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *