Балмұздақ

Бүгінде дәмі тіл үйірер балмұздақ – жастың да, жасамыстың да сүйікті асы. Тарихшылардың айтуынша, балмұз-дақтың 5000 жылдық тарихы бар. Б.з.д. 3000 жылы Қытай патшасының ас мәзірінде балмұздаққа ұқсас мұзбен не қармен араластырылған десерт ретінде жеміс шырыны болған. Ал оның жасалу жолдары мен құрамы біздің заманымызға дейінгі ХІ ғасырда ғана «Ши-кинг» кітабы арқылы жарық көрген екен. Кейіннен бұл ас түрін араб, грек, үнді халықтары да ұнатқан. Антик дәуірінің дәрігері Гиппократ денсаулықты жақсарту мақсатында осы балмұздақты жеуді ұсынған. Ал балмұздақты Еуропаға таныстырған – венециялық жиһангер Марко Поло. Бұған оның күнделік жазбалары дәлел бола алады. Ал Ескендір Зұлқарнайынға оның Үнді мен Персия елдеріне жорығы кезінде балмұздақтан дәм татқызған. Бүгінгі таңда әлемде ең көп сұранысқа ие «эскимо» балмұздағын 1919 жылы америкалық Христиан Нельсон дейтін аспаз-кәсіпкер ойлап тапқан екен. Солтүстіктегі көршіміз Ресей елі Мәскеудің атақты Сокольники саябағында 14 жыл бойына «Балмұздақ мерекесін» өткізіп келеді екен. Елімізде аталмыш мереке биыл тұңғыш рет атап өтілді. Ғаламторға көз жүгіртсек, әлемде небәрі 1 сағатта 1 миллион балмұздақ сатылады деген деректерге кезігеміз. Осының өзі-ақ сан мың жыл тарихы бар бұл тәтті шәрбаттың қашанда жас пен кәрінің сүйсініп жейтін асы болып қала беретінін тағы бір дәлелдегендей.
Эльвира СМАҒҰЛОВА.
Ақтау қаласы, Жаңаөзен ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *