Әлем чемпионатында топ жарды

Қараша айының 29-ы мен желтоқсан айының 3-і аралығында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде қол күресінен 33-ші дүниежүзілік олимпиада өтті. Додада 48 мемлекеттің мыңға тарта үздік спорт жұлдыздарының басы қосылды. Спортшылардың жан-жақтан жиналуына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Дүниежүзілік қол күресі федерациясының вице-президенті әрі Азия қол күресі (армрестлинг) федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқан Сағидоллаұлы Ағзамов ағамыздың 60 жылдығы себеп болған. Әлем біріншілігі кемтар жандар (ерлер мен әйелдер), ардагерлер, жастар, ересек кісілер арасында өтті. Біздің спортшылар үшін бұл дүбірлі жарыс алғашқы күннен-ақ сәтті басталып, отандастарымыз қоржынымызға жалпы саны 15 алтын медаль салды. Командалық есеп бойынша Дүниежүзілік қол күресі олимпиадасын 2–орынмен қорытындылады.
Жастар арасында 65 келіде сол қолмен қарсыласын шыдатпаған Ксения Бурмутская алтыннан алқа тақса, 50 келі салмақ дәрежесінде Эмиров Равильге тең келер ешкім болмады. Сондай-ақ 70 келіде Каликулова Меруерт пен 60 келіде Верина Татьяна топ жарды. Ерлер арасында 65 келіде Шалимов Мағжан мен Әділов Ержан 50 келіде әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ал 60 жасқа дейінгі ардагерлер арасында қолының қуаты кетпеген Ағзамов Мұхаммедолла да шеберліктің нағыз үлгісін көрсетіп, алғашқы орыннан көрінді.
Дүбірлі қызу тартыс үстінде, әлем чемпионы атағын иеленген, тартысты жарып шыққан отандас қызымыз Меруерт Каликулованы әңгімеге тартқан едік:
— Ең біріншіден, сені бүгінгі әлем чемпионы атағын иеленуіңмен құттықтаймыз! Қол күресімен айналысып келе жатқаныңа қанша уақыт болды?
— Рақмет! Әрине сөздің шыны керек, Дүниежүзі-лік олимпиадаға қатысуымның өзі бір қуаныш, әрі халқымның үмітін ақтау деген өте жауапкершілікті іс. Бүгінгі сайыс мен үшін алғашқы қадам. Бұл спорттың түрімен 2008 жылдан бері айналысамын. Қол күресі қосымша мамандығым десем қателеспеймін, себебі, өзім болашақ биологпын.
— Өзім қол күреспен мектеп табалдырығынан бастап таныспын. Алғашқы қадамым Азия чемпионатынан басталып, 2010 жылы Италияда өткен Еуропа чемпионатына қатыстым. Қазақстан чемпионатында топ жарып жүлдегер атансам, бүгінде «Әлем чемпионы» атағын иеленіп отырмын. Ал мамандығыма келер болсам, Шымкент қаласындағы «Қоғамдық денсаулық сақтау медициналық орталығының» студентімін, – дейді халық үмітін ақтаған чемпион, Ерлер арасында топ жарған ОҚО, Шардара ауданының тумасы Мағжан Шалимов.
Шардара ауданының қол күрес жаттықтырушысы, Жапониядан Әлем чемпионы атағын иеленген Арман Қасыбаев:
— Бүгінде ОҚО, Шардара ауданында қол күресі өте жақсы дамыған. 6 әлем чемпионы, 50-ге жуық Азия чемпионы, 100-ге жуық Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері бар. Енді жігіттерді алда Парижде өтетін дүбірлі жарысқа дайындау үстіндемін.
— Сіздерге сәттілік тілейміз! Оқырмандар атынан алда тек чемпион атағын иеленіп жүре беріңіздер дегіміз келеді. Рақмет!
Сұқбаттасқан: Адина ЕрҚараева.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *