«Кездейсоқтыққа сенбеуші едім…»

14bet_f112Биылғы қырқүйек айында басылым бетінде жарық көрген «Балалық  шағымның аспаны» фильмі туралы сұқбатты оқыған оқырмандарымыз   редакцияға хаттар жолдауда. Соның ішінде балаларға қатты ұнаған кішкентай Нұрсұлтан — Елжас ӘЛПИЕВ  пен оның анасы Әлжан — Алмагүл ӘЛІШЕВА  жайлы айтып беруімізді өтінген достарымыздың қатары көбейе түсуде.  Елжас киноға түскен кезінде 5 жаста екен. Биыл мектеп табалдырығын аттады. Сол себепті, оның анасының рөлін ойнаған Алмагүл Мұратқызымен әңгімелескен едік.

— Әлжан сіздің тұңғыш рөліңіз бе? Театрда да спектакльдерге қатысасыз ба?
Қайсар АЙДАРХАН,  9- сынып оқушы. Жамбыл облысы, Меркі ауданы.
—  Аталған фильмге  дейін клиптерге түскенмін. Содан кейін мені: «Бағымды неге үлкен кинокартинада сынап көрмеске» деген ой маза бермей жүр еді. Соның сәті туды. «Балалық шағымның аспаны» фильміне кастинг жүріп жатты.   Оның үстіне режиссер Рүстем Жарасқанұлының фильмдеріне қанық болғандықтан, тәуекел етіп көрдім. Десем де өзіме сәл сенімсіздеу болдым. Неге десеңіз, маған дейін қаншама саңлақ актерлер бар еді. Сынақтан өттім. Міне, осылайша, Елбасының өміріне арналған киноға түстім. Басты рөлде тұңғыш  Президентіміздің балалық және жастық шағы көрсетілгенімен, онда ХХ ғасырдың  50- жылдарындағы ауыл халқының тұрмыс- тіршілігі тұтас суреттелетін картина. Онда отбасылық өмір мен балаға деген махаббат бірінші кезекте көрсетіледі. Театрда ойнамаймын.  Бірақ, маған режиссер мамандығы қатты ұнағандықтан, сол саланы қаладым. Бүгінде таңдаған кәсібімнің ыстық-суығымен біте қайнасып келе жатырмын.

14bet_f27— Алмагүл апай, өзіңізді танысты-рып өтсеңіз. Сіз актерсіз бе?
Ақбота  СЕМБЕК, Алматы облысы, Жаркент қаласы.
— Мен Кереку өңірінде дүниеге келгенмін. Павлодар қаласындағы № 19 орта мектепті бітірдім. Ата-анам Мұрат пен Әлияның отбасында екі қызбыз. Өзімнен екі жас кіші Айнагүл есімді сіңлім бар. Мен актер емеспін. 2002 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер  академиясының кинотану факультетін бітіріп, қазір «Хабар»  агенттігінде қызмет атқарамын. Менің кішкентай достарым, маған қойған сұрақтарың өте қызық әрі орынды. Кинотану  факультетінде оқыған соң, қаншама танымал атақты актерлер жайлы деректер аласың. Олардың шығармашылығы, кинодағы жетістіктері жайлы оқисың. Киножұлдыздардың өмірбаяны сені еріксіз киноға жетелейді.

— Алмагүл апай, фильм аяқталған соң, барлық актерлермен Елбасы  кездесті. Сіз қандай әсерде болдыңыз? Алдағы уақытта киноға түсуге ұсыныс айтылса, келісетініңіз рас қой.
Тамила  ИБРАГИМОВА. Алматы  облысы.
14bet_f33— Бүгінгі жасөспірімдерді кино әлемі бей-жай қоймайтыны қандай ғанибет! «Жас тілшілердің» сұрақтарына  жауап бере-бере шаршайын дедім (күліп). Иә,  кездесу өтті. Фильмнің тұсаукесерінен кейін Елбасы кинода ойнаған барлық актерлерге Алғысын білдірді. Елбасымызды күнде теледидар арқылы көреміз ғой. Ал, қасында тұрып, Алғысын арқалау бір бақыт екен! Мен бірден ана рөлінде ойнадым. Өзім тұрмыс құрып, ана болмағандықтан,  фильмді түсіру барысында қиындау болғаны рас. Алдымда Бибігүл Төлегенова апайымдай  киноның майталманы жүргенде,  маған соншалықты салмақ түспеді. Себебі, әуел баста менің енем (кинода) баланы бірден өзі тәрбиелейтінін айтып, бауырына басты. Өйткені, қазақтың отбасындағы тұңғыш немересі ата-әжесіне тән болатын салты бар ғой.

Келесі сұрағыңа тоқталсам, «Балалық шағымның аспаны» фильмінен кейін киноға түсуге деген қызығушылығым артты. Ұсыныс болса, келісуге дайынмын.

— Апай, мәтінді жаттап айтасыздар ма? Сөздерден шатасатын кез бола ма?
Азиза  АРМАНҚЫЗЫ, Дарынды  балалар мектебі. Алматы  қаласы.

— Әрине, жаттаймыз. Экранға шығатын лента  сараптан өтіп, монтаждалады.  Бір фильмнің өзі жыл мезгілдеріне байланысты түсіріліп жатады. Оқиғалар бірнеше дубльмен түсіріледі. Біріншісінде жіберілген кемшілік екінші, үшінші дубльдерде түзетіледі.

— Алмагүл тәте, сіздің актерлік жолыңыз енді басталды деуге болады. Әрі бірден басты рөлде ойнадыңыз. Болашақта киножұлдыз болып кетсеңіз, дәл бүгінгі қарапайым қалпыңызда қаламын деп ойлайсыз ба?

Гүлім  ЕРКІНБЕК,  студент.
— Мен қалада тәрбиеленген қыз болсам да, отбасымызда қазақтың салт-дәстүріне қанып есейдім деп айта аламын. Әрине, атақ адамды марқайтады. Бірақ, мынау жалған дүниеде барлығы сол қалпында тұрмайды емес пе? Жарқырап, танылып жатсақ, бұл Алланың кез келген құлына берген дарыны. Сондықтан, пендешіліктен аттауға болмайды. Бүгін мен «жұлдыз» болып жарқырадым деп  аспанда қалықтап жүрсем, ертең бір жұлдыз шығып, менен бетер жарқырай түсуі мүмкін. Сол себепті, мен осы қарапайым күйімде қаламын.

— Алмагүл апай, алдағы уақытта бұдан да күрделі фильмдерде басты рөлді сомдауыңызға тілектеспін. Лентаның өнбойында өз даусыңызбен сөйлейсіз бе?
Гүлмінез  КЕҢЕСҚЫЗЫ. Алматы қаласы.
— Тілегіңе рахмет. Режиссерлердің таңдауы маған түсіп, басты рөлді ұсынып жатса, қуанарлық жайт. Бірақ, менің негізгі қызметім бар ғой. Киноға түсу дегеніңіз тұрған бір машақат. Әрі қаншама уақытың кетеді. Айлап десем де болады. Бұл кинода менің дауысымды белгілі тележүргізуші, актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы, орыс тіліндегі фильмді  Жанна Қуанышева  дауыстады. Яғни, даусыма дубляж жасалды.

— Апай! Шын мәнінде «Киножұлдыз» болуыңызға тілектеспіз.
Журналымыздың барша оқырмандарының тілегі.
Cұқбатты дайындаған Ж.Тұрсынқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *