Мектеп табалдырығындағы мысық

fon_072Өте сүйкімді,  кішкентай ғана бір мысық болыпты. Бір күні анасы оған: «Сенің мектепке баратын кезің жетті» депті.
Мектепке бару деген сөз кішкентай мысыққа ерекше көңіл-күй сыйлапты. «Мияяяу – мияяяуу!! Алақай, мектепке барамын! Менің ол жерде көп ойыншығым болады» , — деп секіріпті.
Ертесіне әке-шешесі оған сөмке, кітаптар, бояу, қарындаштар сатып алыпты. Мектепке баруға бір күн қалғанда мысықтың қуанышында шек болмапты. Төсегіне ертерек жатыпты. Алайда, қуаныштан ұйықтай алмапты. Сол қырынан жатыпты, оң қырынан жатыпты, бәрібір ұйықтай алмапты. «Кішкене жіп орамымен ойнай тұрайын. Шаршап, мүмкін ұйқым келетін шығар» деп ойлапты. Дереу төсегінен тұрып секіре басып, жіп орамын тауып алыпты. Кішкентай тырнақтарымен жіп орамын олай да, былай да шыр айналдырып, домалатып ойнапты. Домаланған орамның артынан қуып, біраз терлепті. Ақыры қатты шаршағаны сондай, жіп орамының қасына қисая құлап, ұйқыға беріліпті.
Ертесі таңертең анасы кішкентай мысықты өлеңдетіп оятыпты: «Кішкентай мысық ояна ғой…Ұйқыңнан тұрсаңшы… Мысығым, менің тұра ғой…»
Мысық көздерін ашыпты да, рақаттана есінепті. Беті-қолын жуып, анасы дайындаған сүтті ішіпті. Киініп, шашын тарап, сөмкесін асыныпты. Мектепке баруға сақадай-сай болыпты….
Мектеп жап-жасыл ағаш саясында екен. Оның іші мысық үшін өте таңсық көрініпті. Қызығушылықпен ішкері еніпті. Әкесі мен анасы: «Қане, бара ғой» депті. «Сабағыңа сәттілік. Біз кеттік. Достарыңмен таныс. Мұғаліміңнің айтқанын орында…»
Мысықтың көздері тостағандай болыпты: «Миияу, мияяу, қайда кеттіңдер? Мені осылай тастап кетесіңдер ме?» – деп жыламсырапты.
Әке-шешесі: «Солай жылауға бола ма екен? Сен жалғыз емессің, достарың, мұғалімің бар емес пе?» – деп жұбатыпты.
Мұғалім, кішкентай мысықтың ата-анасына: «Уайымдамаңыздар, әлі-ақ үйреніп кетеді. Сіздер сабақ аяқталғанда келіңіздер», – депті.
Кішкентай мысық «Мияяу-мияяу» деп бақырып жылап жатқанда, ата-анасы мектептен ұзап кетіпті.
Кішкентай мысық ақыры жылай-жылай шар-шапты. Шаршап жылауды да тоқтатыпты. Томсырайған күйі бір бұрышқа барып, жан-жағын қызықтап тұра беріпті.  Бірнеше бала мысық неше түрлі ойыншықтармен ойнап жүр… Алайда кішкентай мысық бұған еш алданбапты. Себебі ол тек қана апасы мен әкесін ғана ойлап тұрған-ды. Сол мезет кішкентай бір құс «пыррр» етіп сыныптың терезесінен ішке еніпті. Мысықтың алдына келіп қоныпты. Мысық оны қуа бастапты. Кішкентай құс «Хопп-хопп» – деп қаша беріпті. Мысық кішкентай құспен ойнап-ойнап, өзінің таңертеңгі уайымын естен шығарыпты. Содан кейін кішкентай құсты жөніне қалдырып, ойынын сыныптағы достарымен жалғастырыпты…
Кеш түсіп мысықтың апасы мен әкесі келіпті. Алайда мысық ойынның қызығына түсіп кеткені сонша, олардың келгендерін байқамапты да.
Мысық мектептің қаншалықты керемет көңіл-күй сыйлайтын орда екенін қысқа ғана уақыт ішінде түсініпті. Ол үшін дәріс арасындағы үзіліс – ойын ойнауға таптырмайтын үлкен мүмкіндік болыпты.

Дерек көзі: «Uyku Мasalleri» Аударған:  Нұргүл  МАМЫРБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *