Қатарынан оза туған

10bet_f114Тума талант иесі — сегіз жасар Жамбыл Б.Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің  3-сыныбында оқиды. Республикалық  байқаулардың лауреаты. Бас қала Астана мен Алматыда екі рет шығармашылық кешін өткізді. Бала ақынның  шығармашылық қоржынында 50-ге жуық өлеңі бар. Шығармаларының тақырыбы патриоттық рухта жазылады. Бүгін, оқырмандар назарына Жамбыл Дүйсеновтың  «Тілдің жайы — жөргектен» деп аталатын өлеңін ұсынып отырмыз.

Тілдің жайы – жөргектен
Ана тілім, сен менің- арым, бағым,
Сені ойласам келмейді дамылдағым.
Бұл жырымды арнадым  жаным саған,
Бала Жамбыл сыйы деп қабылдағын.
Тілім, сенің құныңды білмегендер,
Құлағына сен жайлы ілмегендер.
Құзғындайын жатса да жүзге жетіп,
Адам болып мәнді өмір сүрмегендер.
Тілім, сені өксітіп, жылатқандар,
Шұбарлап, ластауды ұнатқандар,
Туған ұлттың тұнығын лайлаған,
Жүзі қара,жүрексіз, суайт жандар.
Тілім, сені менсінбей, қорлағандар,
Өгейсітіп, араша болмағандар.
Опасыздық жасаған Отанына,
Олар- нағыз намыссыз, оңбағандар.
Тілім, сені ту ғылып көтергендер,
Анасының ақ сүтін өтегендер.
Ана тілін анам деп аялаған,
Аруларды,  жігіттер, мәпелеңдер.
Үлбіретіп үкілі үміттерді,
Сенімдерге жеңдіріп күдіктерді.
Асыл жарға таңдай біл, ару қыздар,
Ана тілді, айбынды жігіттерді.
Сені сүйіп,құрметтеп, бағалаған,
Кім болса да дос,бауыр, аға маған.
Менің жауым екенін біліп жүрсін,
Басыңа балта шауып, аралаған.
Мен сені қорғап өтем, өлмесін деп,
Тілім өліп, шырағым сөнбесін деп.
Қадіріңді білмейтін қатігездер,
Қазақты да, сені де көмбесін деп.
Сен көмілсең түнекке, мен де өлемін,
Тілі өлгеннің көрмедім өрлегенін.
Әр қазақтың баласы дұрыс шығар,
Тілдің жайын жөргектен жөндегенің.
Жамбыл ДҮЙСЕНОВ.

Редакциядан:
Бала Жамбылдың өлеңін оқығандар оның жалындаған отты жырларын өзі жазғанына сенер-сенбес. Бірақ, бір нәрсе анық. Заманында озып туған тума таланттар әлемде талайды тамсандырған.
Айталық, атақты неміс математигі Фридрих Гаусс 3 жасында әкесінің шығарған есебінен қате тапқан. Мысалы, Моцарт 5 жаaсында алғашқы  шығармасын жазған.  Гёте 8 жасында ана тілімен бірге латын тілінде өлең жазыпты. Шопен 9 жасында алғашқы шығармашылық концертін көрерменге ұсынған.
Біздің Жамбыл 7 жасында екі рет шығармашылық кешін ұйымдастырды. Бала ақынға Ұлы Жамбыл— Жәкемнің жасын бергей дейміз.

(Соңғы мәлімет «100 тұңғыш» кітабынан алынды).

ПІКІР ЖАЗУ