«Бақытты сүйікті кәсібіңнен ізде»

fon_20-21Азамат САТЫБАЛДЫ, актер, тележүргізуші
Оқырмандарымыздың сауалына М. Әуезов атындағы  академиялық драма театрының актері, тележүргізуші Азамат Сатыбалды жауап береді.
Мамандық таңдау өте жауапты да қиын мәселе.  Қалаған мамандығының қыры мен сырын толық білгісі келетін ұл-қыздарымыз редакцияға хат жолдап, халыққа танымал аға-әпкелерімен сұқбат жүргізуімізді сұрайды. Жасөспірімдердің өмірге деген ұмтылысына риза болған кез келген саланың, соның ішінде өнер адамдары оларға сүйікті кәсібі жайында бар ынтасымен әңгімелеп береді.

— Азамат аға!  Сіз өнерге қалай кел-діңіз?  Таңдағаныңыз актер болу ма еді?
Айнұр МЕДЕУ, 9-сынып оқушысы. Алматы облысы.
— Актерлікке  кездейсоқ, ойламаған жерден келдім. Ағаларым әскери қызметте жүргендіктен, мектеп бітірген жылы мені  Қарағанды қаласындағы әскери оқу орнына әкелді. Барлық сынағынан өтіп, ЖОО- на қабылдандым. Әскери сала менің көңілімнен шықпады. Бұл қызметте орнымды таппайтынымды білдім де, ІІІ-курстан кейін оқуымды тастап, Алматыға келдім. Бірде Нұркен деген досыммен қазір өзім еңбек етіп келе жатқан М.Әуезов атындағы  академиялық драма театрында «Ғасырдан да ұзақ күн» атты спектакльді тамашаладық. Режиссері Әзірбайжан Мәмбетов аға екен. Спектакльде ойнаған актерлер маған қатты әсер етті. Ертесіне-ақ, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына келдім. Құжатымды тапсырып үлгердім. Емтиханды  Тұңғышбай әл-Тарази алды.  Театрдан алған әсер менің актерлік құштарлығымды арттырғаны соншалық, сынақтардан қиналмай өттім.

20bet_f15— Аға! Тележүргізуші болу үшін арнайы байқаудан өту керек пе?
Ақниет Түктібаев. Ақтөбе  облысы, Шалқар ауданы.
—  Теледидарға не үшін келдім? Жоғары курста оқитын бір қызға ғашық болдым. Мені өзінен жасы кіші деп ойлайды ма, маған назар аудармады. Оның себебі теледидар деп ойладым. Өйткені, бойжеткен тележүргізуші. Мен де қыздың дәрежесіне жетіп, тележүргізуші болуға бел байладым. Сөйтіп ерінбей, Алматыдағы барлық телеарналардың есігін ашып: «Сіздерге жүргізуші қажет емес пе?» — деп сұрай бердім. Кейінірек телеарнада байқау өткізілді. Оған 44 адам қатысты.  Мен байқаудан өттім. Алғаш рет «ХІХ ғасырдың көшбасшысы» теледебатын жүргізе бастадым. ІV-курста жүргенде театрға келдім. Әзірбайжан аға қойған «Абай» спектаклінде Айдарды ойнадым. Содан бері шыңдалып,  «Гамлетте» — Гамлетті,  «Фархад-Шырында» — Фархадты, «Еңлік-Кебекте» — Кебекті, «Абайда» — Абайдай басты-басты рөлдерді сомдап жүрмін.

— Қалай ойлайсыз, актердің болашағы бар ма?
Құндыз Атшыбай, 10- сынып оқушысы. Алматы облысы.
— Театр бар жерде актер бар. Театр — 2500 жылдан бері өмір сүріп келеді. Яғни 25 ғасыр! Әрине, көпшілік арасында театрға, онда еңбек ететін әртістер жайлы әртүрлі пікірлер айтылуда. Жасыратыны жоқ, тоқырау жылдары  демалыс орындары, ойын-сауық отаулары мен ойынханалар көбейе түсті. Сол кезде адамдар солай қарай ағылды. Бірақ, жансыз дүниеден адам жалығады.  Театрдағы қойылымдар бір-біріне ұқсамайды.

Меніңше, бақыт — жаның сүйген кәсіппен айналысу деп ұғамын. Өнерде әркім өзіне жауап береді. Ал, болашақ бақ пен талапқа байланысты. Әртіс болып жүріп те бақ-қуатты өмір сүруге болады. Менің өз көрермендерім бар. Олар мен ойнайтын қойылымдардан қалмайды. Өйткені, көрермендерім маған хабарласып тұрады. Сол сияқты, театрда жүрген әр актердің көреремені бар.

— Балалық шағыңыз қалай өтті? Оның әсер-лі сәттерін ұлыңызға жиі айтып отырасыз ба?
Әсел Қалыева. Алматы.
— Біз отбасында 9 ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін. Алты ағам, екі әпкем мені  шын мәнінде алақанға салып өсірді. Сол себепті, ерке болдым, бірақ сотқар болып, оқушы кезімде  тәртіп бұзған жоқпын. Қарапайым шәкірт болдым. Баланың балалығы ең алдымен ойыншыққа әуес болады ғой. Балалығым қалай өтті, ұлымды да солай тәрбиелемекпін.

— Маған әртіс болу қатты ұнайды. Мектеп сахнасында қойылымдарға қатысып жүрмін. Қай ЖОО таңдағаным жөн?
Гүлден Омарова, Алматы облысы, Сарқан ауданы.
— Актерлік жолды таңдаған екенсің, алдыңнан Тәңір жарылқасын. Алматыда Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының  өнер факультеті, Астанада музыкалық академиялық оқу орны бар. Облыстардағы ЖОО орындарында өнер факультеттерін айтуға болады. Әртіс боламын десең, міндетті түрде актерлер шеберханасынан шыңдалып шығу қажет. Әртіске бірден танымал болу мүмкін емес. Сондықтан, үнемі ізденіс пен дайындықтан жалықпаған  жөн.

— Өнер академиясының байқауынан өтпедім де,  уақытым-ды босқа жоғалтпайын деп басқа  оқу орнына түстім. Мен кейін өнерге келе аламын ба?
Ақерке Сапарқұл, студент.
— Қиын жағдай… Әнші-тележүргізуші бола алады, бірақ актер бола алмайды. Кәсіби шеберлігін шыңдамаса, театр сахнасына шығу мүмкін емес нәрсе. Оған арнайы диплом керек.

— Балаңызды өнерге баулисыз ба? Оның басқа салаға кетуіне келісесіз бе?
Аяна  Шотбекова. Тараз қаласы.
— Оны ұлымның икемі біледі. Десе де, Сұлтанды  дипломатиялық, елшілік салада көргім келеді.Биыл бірінші сыныпқа барады. Баламның анасы  Назгүл Қарабалина да театрда  — актриса. Өзі таңдаған жолынан адастырмауға тырысамыз.

Суреттерді түсірген         Ардақ төлебай.
Сұқбатты дайындаған  Ж.Тұрсынқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *