Қос бәйгенің һас жүйріктері

3bet_f1_ahmet_alyazДүниедегі ең қымбат, еш нәрсемен алмастырмайтын тұлға — бала. Сондықтан, қолымыздан келгенше балаларға жақсылығымызды сыйлай білсек, одан асқан Бақыт жоқ деп білемін. Өйткені, бала сәл нәрсеге шексіз қуанады. Оны  сол заттың  бағасы мен  көлемі қызықтырмайды. Көңілінен шыққан сыйлық баланың жан дүниесін жадыратып, көңілін  көкке көтереді.
«Мөлдір бұлақ» журналын жарыққа шығарудағы  біздің мақсатымыз— барша бала бір-бірімен басылым арқылы танысып, араларында шығармашылық байланыс орнасын дедік. Алғашқы нөмірі  басылып шыққанда, мектептерді аралап, өзімізге оқырман іздедік. Кездесулерде  тырнақалды туындыларын жазып, жинаған дәптерлерін алып келген шәкірттердің өлеңдері, шағын әңгімелері, салған суреттері  жариялана бастады. Журналмен дос-тасып алған ұл- қыздарымыз редакция ұйымдастырған алғашқы бәйгеге  қатысып, жүлделі орынды иеленді. Бүгінде олар жоғары білімді, қызмет тізгінін ұстаған өз ісінің білікті мамандары. Осылайша, оқырмандарымыз жылдан-жылға көбейіп, бәйгеге қатысатын  шәкірттер қатарының тізбегі де  мыңдықтардан асуда.
Міне, соның айғағы күні кеше ғана «»Мөлдір бұлақ»  редакциясында кезекті «Мәдени мұра және Мөлдір бұлақ» атты дәстүрлі бәйге жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Өткен жылдан бастап, сурет жанрының бір саласы – «Карикатура — күлкі тура» атты тағы бір бәйге мәреге жеткен еді. Қос шараға шақырылған «мыңнан  тұлпар» атанған оқырмандарымыздың барлығы келді. Балаларының қуанышына ортақтасып, тілектес болған ата-ана мен ұстаз да жүректен шыққан шынайы алғыстарын арнады.  
Менің кішкентай достарым!
Шығармашылық аламанында қанаттарың талмай, заңғар көкке өрлеп, биіктеген қыран құстай шыңдарға самғай беріңдер, — деген ағалық ақ тілегімді арнаймын. Біз сендердей « Елі мен туған жерін шексіз сүйетін ұрпақ өсіп келе жатыр» — деп, алға басқан әр қадамдарыңа сүйсіне қарап, мақтанатын болайық! 
Жүлделерің  құтты болсын!
Ахмет  Аляз,
«Қазақстан-ZAMAN»  ЖШС  Бас директоры.

ПІКІР ЖАЗУ