Жауынгер мен жеңіс

 12bet_f28Әбу СӘРСЕНБАЕВ

 Жеңіс, жеңіс!
Асқар ғой жеңіс деген!
Жас шағымды сыйладым жеңіске мен.
Төрт ғасырдай шұбалған бұл төрт жылда
Қасірет уы қалды ма мен ішпеген?

Мен жауынгер білмеген тынымыңды,
Күлкімді де, қидым мен қызығымды.
Өртке су боп себіліп, селде өрт болдым,
Жеңіс атты арман ғып бір ұғымды!

Үміт, үміт, өшпейтін шырақты үміт!
Оққа ұмтылдым, оқтан мен құлап, тұрып.
Жауымды аттым, сол сұмның жетімі үшін
Жас кеудеммен кей сәтте жылап тұрып.

Аттым, я, адамша жылап тұрдым,
Адамға адам қарады лақ құрлым…
Кейде өзімнің денемді оқ еттім де,
Шұбар ала «Тигрге»* лақтырдым!

Тік қарадым ажалға, жасқанбадым.
Жұрт мақтады. Мен бірақ мақтанбадым.
Қандай қорлық, кешегі өзім құйған
Қара шойын астында тапталғаным!
Жер, жұмыр жер, кеудеңнен жыр шықты мұң,
Аспан, сен де қасіретте сыңсып тұрдың.
Мен жауынгер көкірекпен сенің үшін
Дзоттарды жаптым да тұншықтырдым.

Мен сан өліп, сан рет жаралғанмын.
Тұтқын болып итке де таланғанмын.
Денем пеште өртеніп күл болса да…
Тұрды  алаулап биікте ақ арманым!
Соғыс менен азабын қызғанбапты,
Мен шекпеген қорлық пен мұң қалмапты.
Мұз мүсін боп алаңда тұрды денем…
Қолғап киді-ау терімнен бір албасты!

Мен жыладым, жас болып ағылып та.
Сауға сұрап дұшпанға жалынып па? –
Жоқ, қорланып жыладым адам үшін
Қолы барған осынша тағылыққа!

Қорлық, қорлық, жаншыды жас сананы.
Көрем деп пе ем мен бұндай масқараны.
Жиырмасыншы ғасырда адамды адам
Итке, өртке тірілей тастағаны
Қандай ұят! Адамдық ынтаны біз
Ұмыттық па?
Күлкісіз кіл таңымыз.
Сөгер бізді, қорланар, масқаралар
Келер тарих, келешек ұрпағымыз!

Мен осындай қорлықтың өртінде едім,
Өзгені емес, бір ұлтты мол тілдедім.
Кешір, Гете, немісті…
Уа, жо, жо, жо, жоқ, басқыншыны
«Адамшылық ар үшін өлтір!» дедім.

Сен болдым да, оқ аттым қандасыңа,
Халқыңа емес, жауыздық солдатына.
Жылап аттым, терісі жетіміңнің
Болмасын деп перчатка салдақыға!

Халық арын келмеді қаралатқым,
Өзгені емес, жүрегі қараны аттым.
Өзін атып, жетімін өрт ішінен
Алып шығып, кеудемде паналаттым!

Мендей ауыр азапты біліп пе ешкім!
Бәрін қидым жеңіске қызық кештің.
Мың өліп, мың тіріліп, зұлымдықты
Жүгіндірдім  алдына қырық бестің!

Әлем, сенің жүзіңде көп-ті мұң да.
Естімейсің ал қазір оқты мұңда.
Төңірегім ақ жалау…
Қаным түстес
Ту шалқиды қарт Альпі шоқтығында!
Қыз дүние маужырап назданады.
Бүгін мөлдір, жайдары жаз қабағы.
Жасыл толқан ырғалып кең жазықта,
Бұлбұл сазын тыңдайды алма бағы!
Жеңіс, жеңіс!
Ал, міне, жеңіс деген,
Көшелерді тоғытқан тегіс өлең.
Би толқиды, Венаның алаңында
Мол қуаныш, мол күлкі бөліспеген.

Көздер , көздер, күлкі, жас араласқан,
Билей бермек жұрт таңға тарамастан.
«Данке, данке!»
Әр тұста гүл ұсынған…
Күміс жұлдыз көзімен қарады аспан!

Күлдім мен де, гүл алаң атырабы…
Ақ торғын гүл кеудемді жасырады.
Дунайындай мөлт еткен жас жанармен
Вена аруы вальске шақырады!

Салют, алуан шұғыла түнді іреген,
Алдымда қыз ақ гүлдей үлбіреген.
«Көгілдірлі Дунайға» үйірілдім,
Азабымды думанға жүздіре мен.

Жөн таппадым сызданып, сызылуды,
Шомсын бүгін күлкіге жүзі мұңды.
Әділет күткен күллі әлем, түгел биле,
Бірге тойла салтанат, қызығымды.

Мен жеңіспін! Әкелдім қызықты күн.
Ажалдан да келмеді жүз ықтырғым.
Әділетті әлем, күлкіңді қорғап сенің,
Сол ту тіккен шыңымда биік тұрмын!

*«Тигр» — неміс танкісі!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *