Ана туралы жырласақ

Ана! Жалғыз ғана сөз. Әйткенімен жарық жал-ғанда кез келген адам баласына осы сөзден артық, осы сөзден ыстық сөз жоқ шығар. Осы орайда орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің «…Дүниеде не жақсылық болса, соның бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» деген сөзіне еріксіз иланасың. Тіпті, көк аспан да ана жәйлі терең ойға батып, үнсіз мөлдіреп тұрғандай сезіледі.
Сол секілді біздің балапан жүрек жас оқырмандарымыз да қолына қауырсын қалам алып, ана жайлы тебіренеді. Редакциямызға күн санап осы тақырыпты арқау еткен өлеңдер циклі ағылып жатады. Біз оған қуанамыз. Дегенмен, сол өлеңдерді журнал бетіне жария етуге келгенде шарасыздық танытып, қиналып қалатынымыз рас. Неге десеңіз, бұл өлеңдерде көп кемістіктер орын алып жатады. Енді солардың кейбіріне тоқтала кетсек дейміз.
Алматы облысы, Талғар ауданында тұратын оқырманымыз Б.Чотбаев бізге жолдаған өлеңінінде:
— Ойланамын анама қараймын да,
Мұңға батам, ақ шашын санаймын да,- деп бастапты. Анасына қарағаны жақсы, ал шашын санаймын дегенін қалай түсінуге болады… Алматылық А.Мауытханның да осындай өз орнын таппаған сөзі жиі кездеседі.
— Алақаны әжемнің ақ бесігі,
Жүрегімде тербетті есіл үні,- деп ары қарай жалғаса береді.Алақан мен ақ бесік деген дербес ұғымдар. Әрқайсысының өз орны, өзінше атқарар қызметі бар. Сөздердің мәніне түсінбей, осылай олақ қолдану — жыр жолдарына көлеңкесін түсірмесе, жарқын өң бермейді. Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Ғ.Әділет атты жас оқырманымыз жазған өлеңде де осындай үйлеспеушілік орын алған. «Анам деп ән саламын, анам деп күй саламын»,- деп өз ойын өрістетеді. Ән салғаны жақсы, күй салғаны сәл оғаштау… Осы өңірде тұратын М.Айболит атты жас оқырман жырынан да осындай орашолақтық анық байқалады. …Ана деген атпен жүре берсін, Анашым аман болшы»,- деп өз өлеңін аяқтайды. Ана деген атпен жүре берсін дегеннен не ұғуға болады?.. Осы атыраптан хат жолдаған бүлдіршін оқырманымыз Е. Ерболқызы өлеңінде ұйқас жоқ. «Айналайын, анашым, ақ сүт бердің балаңа.Тілейміз ғой әрқашан, өмірдің бар жақсысын» деген шумақпен өлеңнің алғашқы төрт жолы аяқталады. Қайта бір оқып көріңдерші, осы жолдарда ұйқас бар ма? Атырау облысы, Құрманғазы ауданында тұратын Г.Ермекова өлеңдерінде де әттеген-ай тұстары баршылық.
Айтамын мен анама мың алғысты,
Әкелді осы уақытқа жалғыз өзі.
Түн ұйқысын төрт бөліп біздер
үшін,
Ауырсақ егер біздер сол бір түні,- деген жолдардан еш нәрсе түсінуге болмайды.Осылайша көркемдік жағынан жетіспей тұрған дүниелерді оқырмандарымыз А.Қайратқызы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылынан Қ.Асанова, Алматы облысы, Тескенсудан Е.Салбенбековтердің шығармаларынан да кездестіруге болады.
Құрметті жас талапкер, біз осы пікірді сіздер үшін, өздеріңе жанымыз ашығандықтан әдейі айтып отырмыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Біз сіздерден жаңа да көркем, шынайы да шымыр жырлар күтеміз. Редакция есігі өздерің үшін қашан да ашық!
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ, жазушы.

ПІКІР ЖАЗУ