Әулиеағаш

8bet_f19Пайғамбар сүннетіне берік болған бабаларымыз үшін барлық  нәрсе киелі. Алланың алқауында болып, тақуалығымен танылған жандарды жұрт «Әулие» деп атап, құрметтеген. Киелі орындарды қасиетті деп танып, тәу етіп, оның жанында тәртіп бұзуға тыйым салған. Көпшілік киелі деп арнайы  келіп, садақа беретін  орын — біздің Жаркенттегі Әулиеағаш.
 
Әулие таяғынан көктеген
Жаркент  өңірінде  жеті ғасырдан бері өсіп тұрған ағаш бар. Сондықтан оны  Әулиеағаш деп атайды. Жуандығына алты адамның құшағы әрең жетеді. Мұндай алып ағаш әлемнің үш елінде ғана бар екен. Олардың бірі — Меккеде, екіншісі -Қытайда, үшіншісі Жетісу  жеріне тамыр жайған. Кезінде осы маңнан Құдайдың жеті сүйікті құлы Мекке-Мединеге сапар шегіп  өткен дейді үлкендерден естіген әңгімеде. Солардың ішінде Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие  жатар мезгілде асатаяғын  жерге шаншып қойыпты. Әулие таңда тұрып қараса, түнде жерге қадап қойған асасы көктеп, тамырланып кетіпті.  Жаратқанның шексіз құдіретіне таң қалып, шексіз мақтау айтып тұрған Шамашұрыпқа Алладан:  «Тиме, өсе берсін!»  деген аян келеді.

Киелі ағашқа тиме
Қоқан, Хиуа хандығына қарсы күрескен белгілі Шойнақ батыр жорыққа аттанарда үйіндегі бәйбішесі  осы киелі ағаштың басына келіп түнеп, Құдайдан бала сұрайды. Көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсінде сақалы кеудесін жапқан  қария келіп:
— Сенің тілегің қабыл болды. Үш ұлың болады. Аттарын: Жантас, Бектас, Ертас  қойыңдар,- деп айтады да, ғайып болады. Арада біраз уақыт өткен соң ақсақалдың айтқаны келіп, Жантас, соңынан  Бектас дүниеге келеді. Үшінші ұлы дүниеге келгенде, оған  қойылуға тиіс есімді бәйбіше ұмытып қалады. Ауыл адамдары әрі ойланып, бері ойланып, баланың өңі аппақ, мұрны пұшық болғандықтан  Ақпұшық деп атайды. Сол түні батырдың бәйбішесі тағы да түс көреді. Түсінде кеудесін ақ сақал жапқан әуелгі қария: «Осы балаларды мені себепкер қылып, Құдайдан сұрап алып едің. Бірақ, сен нәрестенің ныспысын өзгертіп жібердің. Ендеше, бала саған керек болмаса, өзіміз алып кетеміз»  дейді. Бәйбіше түсінен шошып, атып тұрып қараса, кішкентай Ақпұшық шетінеп кеткен екен делінеді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Үлкен-ағаш ауылына қырық шақты шешен отбасы келіп, қоныстанады. Олар ауыл адамдарының: «Киелі ағашқа тимеңдер, қаһарына ұшырайсыңдар»  деген
ескертпесін тыңдамайды. Бір шешен жігіті ағаштың бұтақтарын кесіп, үйіне әкеледі. Ағашты әкелген түні оның отбасындағы  сегіз адам түгел белгісіз аурудан көз жұмады. 1962 жылы шекара асып көшіп келген
адамдардың біреуі тағы да  киелі ағаштың бұта-
ғын кесіп әкеліп, отқа жақпақшы болады. Боса-ғадан аттай бергенде, әйелінің қатты қиналған дауысын естиді. Жүгіріп келіп қараса, әйелінің мойыны теріс қайырылып қалғанын көреді. Не болғанын түсінбеген отағасы  ауыл адамдарынан көмек сұрайды. Мән-жайды жақсы білетін көнекөз адамдар кесіп әкелген ағашты дереу орнына апарып таста деп айтады. Адамдардың айтуымен, алған бұтақты орнына апарып тастап, мал сойып, Құран оқытыпты дейді. Әулиеағашқа байланысты айтылған ұлағатты әңгімелер өте көп. Оның кез келгенінің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше.

«Тәу еткендердің тауы шағылмайды»
Бұл ұлағат ертеден бері айтылып келсе керек. Әулиеағаш туралы естіген адамдар мұнда күн құрғатпай келеді деуге болады. Оның әрқайсысы үлкен үмітпен келеді. Арнайы қоршалған аумақтың айналасы  таза. Басында шырақшылары бар. Әрбір келген адам  Әулиеағаштың басына тазармай баруға болмайды. Сондықтан, мұнда қажетті жағдай жасалған. Әңгіме арасында шырақшы шетелдерден де көптеп туристердің келетінін айтты. Әулиеағаш жайлы естіген олар оны тамашалау үшін келеді екен. Олар үшін бәрі қызық. Ағашты бейнекамераға немесе суретке түсіреміз дегенде, аппаратары  жұмыс істемей қалыпты.
 Киелі ағаштың жанында бір тамырдан  тараған жеті жас ағаш өсіп тұр. Жергілікті жұрт оны «Жеті ағайынды» деп атайды екен. «Бозбала  мен бойжеткен»  деп аталатын қос  шынар да киелі ағаштың тамырынан тараған. Бала сүйе алмай жүрген жас келіншектер қос ағаштың арасынан өтсе, сәбилі болады деген  болжам да бар. Болжамның  ақиқатқа айналғанына   куә болған адамдар мұны жоққа шығармайды.  Жанына барып, қарасаңыз,Әулиеағаштан жаңбыр тамшыларындай  тамшылап тұрған  мөлдір шықты  көресіз. Қасиетті ағаштан тамшылаған тамшылар адам ағзаларындағы көптеген ауруларға ем.

Ж.Кучукова.     

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *