Жыр алыбы Жамбыл

3bet_f116Қадірлі балалар!
ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл бабамыздың туғанына  165 жыл толып отыр. Жыр алыбы  өзінің өмірбаянында былай дейді: «…Шу өзенінің қырға қарай беттеген  жағында Хан және Жамбыл деген екі тау бар.  Сол Жамбыл тауының баурайында  мен туыппын. Сондықтан маған қарт  таудың атын қойыпты. Бұл 1846 жылдың ақпан айы екен», деп айтқан екен.
Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22-маусымда жүз жасқа таяған шағында дүниеден өтті. Атамыз өзі ұзақ жыл тұрған үйінің бағында жерленіп, басына кесенесі, яғни мавзолейі  тұрғызылған. Ал, үйі мұражайға айналды. Орайы келгенде айта кетейік, ақын бабамыз  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында өмір сүрген. Кесенесінің жанында  халық қаһарманы, саңлақ сазгер Нұрғиса Тілендиев аталарың жерленіп, ескерткіші орнатылған.
Сендерді ең алдымен, Жетісу ақындарының дүлдүлі  Сүйінбай Аронұлының шәкірті Жамбыл атамыздың мұражайы қызықтыра-тыны белгілі. Бізге жолдайтын сауалдарыңды алдын-ала болжап, мұражайға сапар шеккен едік.

Мұражай бағында Жәкеңнің көзі тірісінде егілген ағаштар жасыл желекке айналған. Аулада оның 75 жылдығына Қазақстан үкіметі сыйлаған «М-1» жеңіл автокөлігі  гаражда тұр. Мұражай 12 бөлмеден тұрады. Жұмыс кабинеті, ас ішетін және ұйықтайтын бөлмелері осыдан 66 жыл бұрынғы қалпында тұр. Қалған бөлмелерді аралағанда ақын бабамыздың шығармашылығымен  сырласқандай боламыз.
4bet_f62Ақындар мектебінің шежіресі Жамбыл атамыздың туғанына 150 жыл толуына байланысты мұражай жанынан конференциялық зал ашылды. Мұнда да Жәкеңе байланысты кейінгі кездері жаңа экспонаттар қосылса, деректер қатары жылдан жылға толығуда. Қарт  ақынмен жүздесіп, жырларын тыңдауға өнер, қоғам қайраткерлері жиі келетін. Өлең тыңдап қана қоймай, ақыл-кеңес алып тұрған. Тарихқа  байланысты айтар болсақ, ел басына күн туған талай тар жол тайғақ кешуді басынан өткізген. Жәкеңнің халқы үшін төккен маңдай тері әрдайым адал бағасын алып отырған. Айталық, халық поэзиясы алыбы екі жүзден астам шығарма жазған. Оның шығармалары 44 әлем халықтарының тіліне аударылған.  «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. 1938 жылы қазақ КСР жоғары советінің депутаты болып сайланған.
Бүгінде Жәкеңнің шығармашылық өнерін жалғастырып келе жатқан шәкірттері ұлан-ғайыр еліміздің әр ауылында бар. Солардың бір қатары біздің оқырмандарымыз. Біреуі Жәкеңе жыр арнаса, бірі ақын портретін салады. Біреулері Жамбыл оқуларында үздік атанғанын мақтанышпен айтады.
Қашанда, бабалар жолын болашаққа жеткізетін ұрпағы аман болғай.

4bet_f53 Жамбыл Жабаевтың нақыл сөздерінен:
Ел қадірін ел баққан
Ерлер білер деген сөз.
Зер қадірін зер баққан
Зергер білер деген сөз.
Жұмыста да соғыста
Ақылыңды ашу қыспасын.
Ашушаң болсаң: сол қолың
Оң қолыңды ұстасын.
Ел менен ел достасқан
Ғасыры туды адамның.
Жақсы сөз бейне шамшырақ,
Орнаған мықтап көңілге.
Не тағдырға көну бар,
Не ерлікпен өлу бар.
Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі.
Жақсы сөзді ел жаттар,
Ел жаттар сөзде салмақ бар.
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Жанастан  КУЧУКОВА,
Жамбыл атындағы  Халықаралық
сыйлығының иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *