Шешен жігіт

fon_071Ертеде аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген шешен, әрі күміс көмей әнші Дөнен деген жігіт болыпты. Қайда той-думан болса, ол сонда болып, жұрттың көңілін көтеріп жүреді екен.
Бірде жайлауда Қарға би дегеннің тойы болып, Дөнен сол тойға барады. Би шешен жігітті жұрт алдында сөзден мүдіртпек болады.
Алыстан келген сыйлы адамдармен бірге сегіз қанат үйінде отырған Қарға би шешен жігітті өзіне шақыртады. Жас жігіт азулы бидің неге шақыртқанына  таң болып, үйге кіреді.
Қарға би де көпті көрген адам болса керек, жігіттің атының Дөнен екенін естіп-біліп, сөзін әзірлеп қойған екен:
– Е, жігітім, өзіңді әнші, сөзге шешен жігіт деп естіп ем. Руың кім? Атың кім?
– Руымды айтпағаныма кешіріңіз. Өйткені мен үшін қай ру болса да бәрібір. Ал атым – Дөнен, — дейді жас жігіт.
Сонда Қарға би мырс етіп күліп алып, былай депті:
– Е, құнан емес, бесті емес, қыспақта қалған дөненмін де.
Шешен жігіт өзін сабырлылықпен тежеп, былай деп сұрапты:
– Ғафу етіңіз, биеке, сіздің атыңызды да білсек.
Жеңіске жеттім деп масаттанған би бірден:
–  Менің атымды осы кезге дейін білмей жүрген  неткен ақымақсың өзің? – деп ашу шақырады. – Атым – Қарға би.
Жігіт жүрелей отырған орнынан тұрып, өткір үнмен:
–  Біздің елдің қарғасы мал тезегін шоқушы еді.  Сіздің елдің қарғасы би болады екен-ау, – деп  түрулі тұрған есіктен шығып жүре беріпті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *