«Өлең — сөздің патшасы»

minbay_aga7«Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы», — деп ұлы ақын Абай бекерге айтпаған. Өлең жазушыға қатал талап қойып айтылған. Бүлдіршінсің бе, жігітсің бе, қариясың ба, кім болсаң да Абай ақын талабынан шыға алмасаң, өлең жазамын деп әуре болудың қажеті жоқ.
Өлең – еріккеннің ермегі емес. Жақсы жыр, тебіреністен туады. Өлеңді мағыналы, көркем етіп жазған жөн. Кәне, поштамен келген хаттарға назар аударайық.
Туған жер, Отан тақырыбына қалам тербеген Жәнібек Рәшидұлы:
«Мен сенде тудым, ауаңды жұттым, нәр алдым,
Қарызбын мәңгі, себебі – сенде жаралдым.
Көркінен ғажап ләззәт алып
Кәусәрін жұтып өстім мен ауыл, даламның», —
деп толғаған бір шумақ өлеңінде өз еліне, қазақ жеріне деген жүрек лүпілін біршама жақсы жазған. «Отан» өлеңінде (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы) Динара Сұлтанова да өз ойын ықшам етіп беруге талпынған:
«Қазақстан мекенім,
Сені ардақтап, сүйемін.
Байтақ жерін қорғаған
Батырға бас иемін».
Алматы облысының Райымбек ауылының Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің 10 «а» сынып оқушысы Алтын Салықова «Қазағым» деген өлеңінде:
«Қазақ – қыран, қазақ жыр, ән мен үшін,
Қазағым деп тебіренер жігер-күшім.
Бір өзіңмен қанатым қатаяды
Қажет болса жан пида өзің үшін!», — деп тебіренеді. Өкінішке орай көптеген балалар өздеріне қатал талап қоймай, өлең жазған осы екен деп сілтей береді. Мәселен, Қызылорда облысының, Қазалы ауданы,
Кәукелі ауылын-дағы № 225 орта мектебінің 6 «а» сынып оқушысы Жансая Жақсылық «Ұстаз» деген өлеңінде:
«Ұстаз – асыл анамыз,
Қастерлейміз оны біз.
Ұстазымды анамдай
Аялап өтем әрқашан», — деп тым жалпылама, қарадүрсін сөздерді жаза салған. Өлеңнің көркем-дік сапасын, мазмұнын былай қойғанда, ұйқас атымен жоқ. Бір шумақ өлеңде «ана» сөзі екі рет қайталанады. Өлеңді былай жазуға әсте болмайды.
Қалай болса солай сүйкектей салған өлеңдер тобына Ақтөбе облысының, Алға ауданы, Бестамақ ауылынан жазған Ж. Дүйсенбаева, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылынан Динара Сұлтанова, Алматының № 173 гимназия мектебінен жолдаған 1 «в» сынып оқушысы Ә. Алмасқызы, «Ғылым», Қазақ Ұлттық гимназиясының 7-сынып оқушысы Қ. Еріковтың жазғандары жатады.
Өлеңді ойланып, көркем етіп жазу қажет. Редакцияға жолдаған оқушылардың жазғандарын қарап отырсаң ұйқас, ырғақ, буын іспетті шығармаға аса қажетті жайлар ескеріле бермейді. Ұлы ақын Абай:
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы
Ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп тектен-текке айтпаған ғой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *