“Бетман”, “Өрмекші адам” және Джеки Чан

8bet_kollaj-copyБейбарыс жасы үштен жаңа асқанда «Бэтман» мультсериалын көре бастады. Теледидар алдында күні ұзақ тыныш отырғаны анасына  да жақсы болды. Ұлы етегіне оралмай, талай жұмыстарын бітіріп алады. Одан қалса «Геракл», «Өрмекші адам», басқа да қаптаған мультсериалдардың дискісін алып беріп, бүлдіршінді теледидарға «таңып»  қойды. Жас отау иелері қазіргі заман баласына керегі осы деп, ертеңгі мінез-құлқы туралы  терең бойламады. Сериалдардағы қорқынышты тұстары түнде ұйықтап жатқан баланың түсіне кіріп, талай шошып,  орнынан тұрып кеткені де ойландырмады. Үлкендерден көргенін істеп,шыңғырып жылаған баланың таңдайын көтеріп қойды. Бала осылайша үйден шықпай, теледидар алдында ұйықтап қала берді. Бес жасқа толғанда інілі болды. Енді Бекарыс қашан ер жетеді, тезірек өссе өрмекші адам ұқсап талай биікті бірге бағындарамыз деп армандады. Әне-міне дегенше мектепке барды. Есейді. Санасына сіңіп кеткен өрмекші адам жанына маза бермеді. Сабақта отыр еді, көзі терезе тұсында өсіп тұрған ағашқа түсті. Үзіліс кезінде пластик терезені ашып, ағашқа шығып қарғыды. Талай жыл күтім көрмеген ағаштың бұтақтары беті мен денесінің сау тамтығын қоймады. Мектепте үлкен шу болды. Сол жарадан қалған із денесінің әр жерінде тыртық болып қалды. Спорт алаңында қарсы тұрған бір турниктен екіншісіне қарай «ұшамын» деп топ етіп, жерге түсіп,есінен танып, ұзақ жатты.
— Балаңыз зерек, алғыр. Бірақ, сабақ оқымайды. Үзіліс кезінде  терезенің жақтауында жүргенін мұғалімдер көрген. Төменгі сыныптың ұлдарының басынан секіремін деп құлатып қойған.  Бөлек, ойланып жүреді. Аяқ астынан көтеріліп кеткенде, «қояншығы» ұстап, ұзақ уақыт дірілдеп тоқтамайды. Тәртіпті, кішіпейіл болғанымен, ешкімге есе жібермеуге тырысады. Сабақ үстінде орнынан тұрады да, үндемей шығып кетеді.  Мен түсінбейтін мінезі көп,-деп сынып жетекшісі зарлады. Оның бойындағы кейбір қатыгездіктерді ата-әжесі де байқаған. Сонымен, баланы дәрігерге көрсетпесе болмайды деген ұсыныс айтылды. Жазғы демалыс кезінде қос ұлын жетектеген ата-ана Алматыдағы небір әйдік педиатр, психологтармен кеңесті. Қаншама ақша желге ұшты. Дәрігерлер:
— Бала сап-сау. Бұл уақытша тежелу, кейін бәрі орнына келеді,-деп сендірді. Одан қайран болмаған соң, амалы құрыған ата-ана ең мықты деген емшілерді жағалап кетті.
— Олар «Бала қатты ұшынған, дереу емдемесе жынданып кетеді»,- пәтуасын айтып үшкірді, дем салды. Аластады. Ешқандай ем қонбады.
Бейбарыс інісінің тез ержетуін тілеген еді, көзді ашып-жұмғанша ол да тоғызға келді. Енді бірі- Бэтман, бірі «өрмекші» адам болып, армандары бірге ұласты.Інісі де ағасынан өтіп түспесе, қалыспайды. Көк пен жердің ортасында ұшып жүрмек болды. Қатты боран тұрғанда атасы шөп орап қойған жұқа целлофанды жамылып, биік дуалдан секіруді шығарды. Алғашқыда біраз жерге ұшып барғандай болды. Соған мәз болып, шатырдың үстінен секірді. Өзінен кейін інісі секірді. Қатты құлағаны соншалық, біреуі аяғын қайырып алса, екіншісінің қолы шықты. Айыққан соң, жерге қазық қағып, үйдің бір қабырғасынан шатырдың үстін ала екінші тұсына арқан байлады. Алдымен Бекарыс, артынша өзі өрмеледі. Бос байлаған арқанмен омақаса құлады. Қабырғасы зақымданып, ауруханаға түсті. Түсінде ылғи өзінің сол кейіпкерлерімен бірге ұшып, бірге түседі. Ұрыс, төбелестің ортасында. Жаны қиналып, шошып оянады да қабырғаны соққылай бастайды. Інісі екеуі асфальт жолдың бойында «ролли» қуып жүрген жерінен МАИ қызметкерлері алып кетіп, ата-анасы айыппұл төледі.
Ата-анасының істемегені қалмады. Ұлдарының бөлмесіне Құран кітабын, сүрелер жазылған парақшалар, қамшы, таспиықты қойып тастады. Адыраспан, пышақ, бұғының мүйізі… Балаларды ертіп, аталардың басына барып, мал садақа таратты. Түркістандағы Қожа Ахмет Иссауи, Арыстан баб, Укаш ата, Бекет атаның зиратына барып, зиярат етті.
Сегізінші сыныпты бітірген былтыр: «Джеки Чан» сияқты  ешқашан жеңілмейтін актер боламын», — деп сол әртіс ойнайтын дискілерді көріп жүр. Ал, ата-ана болса баласының есі кіре бастаған шағынан жандүниесін жаулап, батыстың естен адастырған құбыжық, түрінен адам шошитын қатыгез мультсериалдары екенін қаперіне де алмағаны өкінішті. Бүгінгінің бар баласы компьютер, ұялы телефоны мен түрлі ойнатқыш құралдар арқылы тек батыстың фильмдерін «тамашалап», қарқ болуда, оған еш тосқауыл қоя алмайтынымыз- қасіретке айналып барады…
Ж.КУЧУКОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *