Зейінмен тыңдадық

05Зейнеп апаның  қаҺарман атамыз жайлы айтқан әр естелігі оның бейнесін көз  алдымызға алып келіп, жандүниемізге отаншылдық рух берді.
— Биыл Баукеңнің 100 жылдық мерейтойына орай мектептерде кездесулер көптеп өткізілуде. Барған ортада балалар атамыз жайлы сұрайды. Тіпті, бала кезде қандай болып еді деп сұрайды. Қызық сұрақ. Осыдан-ақ, біздің бүгінгі бүлдіршіндеріміздің батыр бабасындай батыл да әділетті болуға талпынғанын байқаймыз. Бұл—әрине жақсы қасиет,- деп батыр атамыздың келіні Зейнеп Ахметова апамыз ағынан жарылып еді.
Міне, Алматыдағы №84 мектепте апамен тағы да кездестік. Кеңес Одағының  батыры, Халық  Қаһарманы, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы жайлы көпшілік біле бермейтін естеліктер айтып берді.
— Апай, Бауыржан атамыз мектепте сабақты қалай оқыған? — деді шәкірттер.
— Балаларым менің, аталарыңның балалық шағы өте қиын заманда өткен. Атаның балдәурен балалық шағы туралы мен де оның шығармаларынан қанықпын. Батыр жайлы көп білгілерің келсе, мектеп кітапханасынан  шығармаларын алып оқыңдар,- деп ақыл-кеңесін берді. Кейуанаға қойылған сұрақтар мұнымен тоқтамады. З.Ахметова  барлық сұраққа жауап беріп, балалардың көңілін қалдырмауға тырысты. Ұлдарды батырдың қолбасшылық өнері көп қызықтырса, қыздар жағы Зейнеп апаның өзіне сауал қоюда.
— Апай, өзіңіз атаны өте қатал, намысшыл,
отанын шексіз сүйетін еді дедіңіз. Келін болуға жүрексінбедіңіз бе?-дейді. Қаһарман ұлдың келінінің бұған да жауабы әзір.
— Баукеңдей азаматқа келін болғанымды бақыт деп санаймын. Қатал болғанымен, жүрегі жұмсақ еді,- деген ана Б.Момышұлының  шығармашылығы, адамгершілігі, әділдігі жайлы әңгімеледі. Ұлы, өзінің жолдасы Бақытжан туралы да білгісі келген оқушыларға отбасы жайлы айтып өтті.
Кештің сәні—ән мен күй ғой. Мектептің жас өнерпаздары  ән салып, би билеп кештің сәнін кіргізді. Зейнеп апа Баукең жайлы кешті әсерлі ұйымдастырғаны үшін мектеп директоры Жеңіскүл Сатаеваға, тәрбие ісінің меңгерушілері Айгүл Қасымбекова мен Күңқияш  Мұратоваға, сонымен қатар барлық ұстаздар ұжымына алғыс білдірді.
Өз тілшімізден.

ПІКІР ЖАЗУ