«Өлең — сөздің патшасы»

«Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы»,  — деп ұлы ақын Абай бекерге айтпаған. Өлең жазушыға қатал талап қойып айтылған. Бүлдіршінсің бе, жігітсің бе, қариясың ба, кім болсаң да Абай ақын талабынан шыға алмасаң, өлең жазамын деп әуре болудың қажеті жоқ.
… «Мөлдір бұлаққа» жолдаған хаттар тасқынынан дәлел келтірейік.
Міне, Батыс Қазақстан облысының Ақ жайық ауданынан Гүлжиян Жұмабаеваның «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім ана тілім» өлеңін алайық.
Біріншіден, тақырып өте шұбалаңқы, ұзақ. Екіншіден, өлең көркемдік жағынан да, мазмұн жағынан да талапқа сай емес.
«Қазақстан, ұлан байтақ елім менің,
Осы елімді биікке көтеремін.
Ана тілім, қазақ тілім, діңгегім,
Өз тілімде сөйлеп, сайрап өсемін».
Осы шумақтағы төртінші жолдағы «өсемін» деген сөз алғашқы жолдармен мүлде үйлеспей, ұйқаспай тұр.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы, Шәуілдір ауылынан жазған Жазира Пердебекованың өлеңіне назар аудардық. Анаға арнап жазыпты. Тақырып таңдағаны дұрыс, бірақ осы тақырып қалай орындалды? Гәп, міне, осында. Автор ұйқас үшін сөздің мағынасын бұзған. Мәселен:
«Ардақты менің анашым,
Ақ сүт берген данашым», —  дейді.
«Дана» деген сөзді ұйқас үшін ешкімнің бұрмалауға ақысы жоқ.
Жамбыл облысы, Қаратау қаласынан жолдаған (М.Әуезов орта мектебінің  8- сынып оқушысы) Әлімжан Шөңгербайдың топтама өлеңдері тәп-тәуір.
Автор өз ойларын орамды, көркем етіп беруге тырысады. Ол жылқышы атасына арнаған «Атама» өлеңінде:
«Атам менің жылқышы,
Өзінде көп жылқысы.
Жылқыларды бағады,
Табысын да табады», —  дейді.
Қазіргі нарық заманында ерінбей еңбек еткеннің табысы да мол екенін аңғартады.
«Мұқағали атама» өлеңінде:
«Таусылмайды жырлары,
Таусылмайды сырлары.
Мұқағали атамның
Биік қой шіркін шыңдары», —  дейді. 
Ал, Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан Аружан Жеңсікпайдың, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданынан Алтынай Мұсаның, Отырар ауданынан Айдана Қуаттың, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынан Дәулет Серікұлының, Жамбыл облысынан Меруерт Жолдасқызының, Жамбыл ауданынан Айкүн Далабайдың, Алматы облысы, Жамбыл ауданынан Әліби Өкеновтың, Райымбек ауданынан Айса, Айдана Нұрболатқызының жазған өлеңдері Абай айтқан талапқа сай емес екенін ашық айтамыз.
Өлең еріккеннің ермегі емес. Жазғанда ойланып, көркеми  жағын ескеріп, тақырыпты еркін меңгеруге тырысқан абзал.

ПІКІР ЖАЗУ