Марғұланның мол қазынасы

5bet_f17Əлкей Марғұлан – Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, əдебиеттану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымының докторы (1945), Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі (1958), прфессор (1960), Қазақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері (1961).
Əлкей Марғұлан 1904 жылдың 11 мамырында Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауылы) дүниеге келді. Əкесі Хақан – əйгілі Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Əкесі Хақан мен шешесі Нұрипа көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық əндері мен Абай əуендерін жиі шырқайтын. Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалым Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сəтбаев жəне қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан.
Əлкей бастауыш білімді ауыл мектебінен алды. 1915 жылы Баянауылда үш сыныпты орыс мектебінде оқыды. 1919 жылы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, белгілі əнші Майраның үйінде тұрады. 1920 жылы курсты бітірген соң туған ауылына оралып, Далба мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1921 жылы Əбікей Сəтбаев сынды белгілі қазақ ағартушысы директор болған Семей техникумына оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакциясымен байланыс жасап тұрады. Осында ол Мұхтар Əуезовпен, Абайдың баласы Тұрағұлмен, Мағжан Жұмабайұлымен танысып, олармен сыйластық, достық байланыста болады. М.Əуезовтың кеңесі бойынша, 1925 жылы Əлкей Ленинградқа сапар шегіп, 1925-1931 жылдары арасында Шығыс институтының əдебиет факультетіне түсіп, бір уақытта Ленинград университеті мен өнер тарихы институтынан дəрістерін тыңдайды. Түріктанушы Е.Бертельстің, эпостанушы В.Жирмунскийдің, академиктер К.Розановтың, Е.Тарленің еңбектерімен танысады. Ғылым негіздерін игере жүріп, Ленинградтың бай мұрағаттарынан қазақ халқының мəдениеті мен тарихы бойынша əдеби жəне архивтік материалдарды жинаумен шұғылданады.
Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Əлкей елге келгеннен кейін осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан əрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу,Талас өзендері бойында жəне көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізді. Содан жиналған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалаларының құрылыс өнерінің тарихынан » деген монографиялық еңбек жазады. «Хандар жарлығының тарихи-əлеуметтік мəні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ұзақ жылғы зерттеу жұмысының нəтижесінде Ж.Ақышев, М.Қыдырбаев, А.Оразбаевтармен бірігіп, «Орталық Қазақстанның ежелгі мəдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарады. Бұл кітаптың құндылығы жоғары бағаланып, оның авторларына Ш.Уəлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық беріледі.
Əлкей аталарың қазақ халқының тарихы мен əдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, əдебиет жəне өнер салаларына қатысты ондаған кітап, 300-ден астам ғылыми-зерттеу жəне 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жарық көрді. Жалпы алғанда Əлкей Марғұлан 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми, əдеби мұра қалдырды.
Дайындаған: К.КӨКТЕМҰЛЫ .

ПІКІР ЖАЗУ