Ағынтай мен Қарасай батырдың достығы

4be5255t_f3Арғын Ағынтай батыр мен Шапырашты Қарасай батырдың қай кезде танысып, қалайша айырылмас дос болғанын қазірше дерек көзі болмағаннан кейін анықтап айту қиын. Алайда, екі батырдың айрықша дос болғанын сол дəуірде өмір сүрген Матай би ерекше ілтипатпен жазып кеткен екен. Олардың өз ғұмырында қанша рет жекпе-жекке шыққанын ешкім есептемеген. Бірақ аз болмаса керек. Ал кескілескен соғысқа екеуі де екі жүз мəрте кіріпті.

Суретті салған: Базылхан ЖЕҢІСБЕК. Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.

Демек, екеуі қырық жыл соғысқа қатысса, орта есеппен жылына бес рет қанды шайқасқа кірген деуге болады. Соның бəрінен аман-есен шығу – үлкен сəттілік. Сол сəттіліктің өзек сыры, бақсақ, достықта жатыр. «Қарасай мен Ағынтай батырдың арадан қыл өтпес достығы, — деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында. – Жан алып, жан беріп жатқанда да айырылмауы, біріне-бірі сақшы болып жүруі, ұрыста басы домалап қалмай, екеуінің де өз ажалынан өлуіне себепші болды…»
4bet_f23Матай бабамыздың жазуына қарағанда, Есім ханның ұлы Жəңгір қалмақ тұтқынына 1635 – доңыз жылы түседі. Ол жолы қазаққа қарсы қалмақтың Талай, Құжы, Торғаш деген тайшылары бірігіп шабуыл жасаған еді. Жəңгір қалмақ тұтқынында бір жылдай болады. Қолға түскен Жəңгірді қалмақтар аяғынан кісендеп, жеке киіз үйде ұстапты. Хан баласын қинап, зорлық көрсете қоймапты.

Суретті салған: Əсет ИМАНҒАЗЫ. Алматы облысы, Көксу ауданы, Алғабай ауылы.

Есім хан баласы үшін алдымызға кішірейіп келеді деп күтеді. Алайда, Ағынтай мен Қарасай батыр тағы бір адам алып, үшеуі ғана Жəңгірді босатуға аттанады. Алдын-ала барлау жасап, Батыр қонтайшының ауыл жағдайын əбден біліп алған болу керек. Түнделетіп келіп, аттарын жақын маңайдағы өзен жағасына шідерлеп тастайды да, өздері қоңтайшы ауылына жаяу жөнеледі. Ат суғара келген қалмақ жігітін ұстап алып, одан мəн-жайды анықтап біледі де, өзін байлап тастайды. Үйге жақындағанда далаға шыққан кісіні Қарасай «Аһ!» деуге мұршасын келтірмей, күре тамырын баса қойған. Ол талып кеткенде, үйдің артынан екі жігіт іргені көтеріп жіберіп, Жəңгірді суырып алған. Есік алдындағы жасауыл тіпті ештеме сезбей қалған. Өзен жағасына Қарасай көтеріп жеткізген, «Жəңгірдің аяғындағы кісенді ал» деп Ағынтайға қараса, ол да бірдеме көтеріп келіпті. Бір мес қымыз. Ағынтай кісенді қолымен бытырлата үзіп тастаған. Аттарды əкеліп, хан ұлын мінгізіп, жан-жағына қараса, Ағынтай жоқ. Сəлден кейін көтеріп алған бірдемесі бар, түйедей болып Ағынтай батыр келеді. Сөйтсе, Ағынтай батыр: «Мына ханның қызын ала кетейін деп барып едім» депті. Ол қоңтайшы кешіккен соң артынан далаға шыққан Батырдың қатыны екен. Кейін білсе, үй алдында талып жығылған Батыр қоңтайшының өзі екен. Ол ертеңіне түсте ғана есін жиған. Сөйтіп, Батырдың қазаққа деген кегі бұрынғыдан да артып, кіжініп, терісіне сыймай жүрген.
1664 – ұлу жылы Қарасай мен Ағынтай батыр наймандар мен жалайырларға шабуыл жасаған қалмақтарды қууға қатысып, сол соғыста екі дос та жараланады. Ағынтай аяғынан жараланып, ақсақ болып қалады. 1670 жылы Қарасай өзінің досы Ағынтайдың қасына көшіп келеді. Өйткені бұл ара жаудан жырақ, тыныш еді. Бір жылдан соң 1671 жылы сонда қаза болады. Сүйегі Айыртауға қойылады. Бір жылдан соң Ағынтай да қайтыс болып, Қарасай досының қасына жерленеді.
Бүгінде олардың басына ескерткіш белгі қойылған. Осы ескерткіштің басында Елбасымыз Ағынтай мен Қарасай батырдың ұлы достығын кейінгі ұрпаққа үлгі ете, мақтан ете сөйледі.
Дайындаған: К. КӨКТЕМҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *