Мен жетіге толғанда…

fon_061«Мөлдір бұлақ» журналы жарыққа шыққаннан бергі
алғашқы оқырмандарының бірімін. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке орналастым.
Көпбалалы отбасында тəрбиелендім. Екі əпкем, екі қарындасым бар. Жалғыз ұлмын. Əке-шешем жалғыз ұл деп еркелетпеді. Нағыз ұл ер балаша тəрбиеледі. Қаншама қиындықтардан өттім. Оқушы кезімде жазғы демалыста шөп шауып, егін орағына қатыстым. Ойынға уақытым болмады.
Мен жеті жасқа толғанда, анам:
— Ұлым, ертең жұма. Ата-бабамыздың бейітінің басына барып Құран оқып қайтамыз, — деді.
Бəріміз жиналып, Молдекеңді машинаға отырғызып алып, бейіт басына барып Құран оқыттық. Имам маған діни кітаптар берді. Соны оқи бастадым. Құран сүрелерін жаттап алып, дастарқанда бата бағыштауды үйрендім.
* * *
Есімде, анам құдай тамаққа ертіп апарды. Ылғи апалар екен. Тамақ жеп біткен соң олар бір-біріне:
— Сен бата жаса, сен бата жаса деп шулап кетті.
Анам:
— Арамызда ұл отыр ғой, — деді маған қарап.
Апалардан ұялып, Құранды іштей оқыдым. Осыдан кейін мақамдап, Құран оқуды үйрендім.
Анам қыздардан гөрі мені көпшілік орындарға жиі ертіп алатын. Жалпы əкем мұндайға араласпайды.
* * *
Анам: — Ұлым, ертең құрбан шаламыз. Базардан қойды өзің таңда. Мал семіз, төрт тұяғы түгел, мүйізі сынбаған, құлағы тесілмеген болуы қажет, — деді. Анамның айтқанын екі етпей, үйге мал əкелдік. Əкем мал бауыздауға жоқ. Көршінің баласы
көмектесті.
Анам: — Балам, мына етті мен айтқан үйге апарып
бер. Сауабы болады деді. Шалған құрбандықты жеті үйге таратып шықтым. Көрші ағалар базарға мал соятын. Мен соларға көмектесіп жүрдім. Соның шапағаты тиіп, өзім мал бауыздап, етін мүшелей аламын.
* * *
Анам: — Ұлым, ораза айынан кейін Айт басталады.
Айт намазына əкеңмен қосылып сен де бар деді. Таң қараңғысында тұрып, мешітке бардық. Үйден шығарда анам екі-үш жайнамазды артық салып
берді. Асығып, ұмытып кеткендер болса, беріңдер, — деп. Шынында да жайнамазын қалдырып кеткендерге бердік. Олар алғысын айтып, қайтарды.
* * *
Тойға бардық. Дастарқаны көл-көсір. Тамақ келді. Тамақтың беті көрінбейді. Ет турайтын ер-азамат жоқ. Жоқ емес, қасымызда ағалар отырды. Анамның жасы олардан үлкен болғандықтан: «Сіз етті тураңыз» деп пышақты ұсынды. Сонда анам:
— Ер-азамат бар жерде əйел адам бата бермейді, ет турамайды, көңіл айтуға олардан бұрын кірмейді,
— деп уəжін айтты да маған қарады. Мен ет турай бастап едім, ағалар ұялды ма олар да араласып кетті.
Біртіндеп намазға жығылдым. Ораза ұстаймын. Қайыр-садақа беремін. Жəрдемді қажет еткен қарттардан көмегімді аямаймын.
Міне, балалар, жасым жетіге толғанда анам маған көп нəрсені үйретті. Соның бəрін жадыма
сақтап алып, орындап келемін. Менің анамның қарызын өтеудегі жалғыз арманым бар. Алла тағала анама өмір берсе, анамды Меккеге апару. Осы парызым
орындалса деп тілеймін.
Арман ЖЕТЕЛЕГЕНОВ.

ПІКІР ЖАЗУ