Кітап — жан азығы

26bet_f24Мен кітап оқуды жақсы көремін. Жазғы демалыста оқыған кітаптарымды атап айтсам, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Əуезовтың «Қорғансыздың күні», Т.Əбдікұлының «Əке», М.Мақатаевтың «Аманат», Қ.Ысқақтың «Қоңыр күз еді» кітаптарын оқыдым. Оқу арқылы көптеген нəрселерді ұқтым. Мысалы, Т.Əбдікұлының «Қонақтар» хикаятын оқу арқылы ата-ананың қадірін түсіндім. Сапабектің əке-шешесіне көрсеткен іс-əрекеті адам баласына жат нəрсе емес пе? Тілін шұбарлап жүрген Тана да адамгершіліктен жұрдай екенін білдірді. Тіпті, немересін бауырына басып үлгермеген ата-əженің жүректері ауырды. Баласын мұндай əрекетке барады деп олар күтпеп еді. Иə, ата-анасының көңілін қалдырды, жанына уайым салғызды. Мен əңгімені қызыға оқып, Сапабектің бұл қылығын ерсі көрдім. Аз-ақ ғұмыры қалған əке-шешесінің сол бір тілегін орындағанда, ата-ананың алғысын алар еді-ау. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген нақыл сөздің мəнісін осы əңгімені оқу арқылы түсіндім. Жеңістің əкесі Сапабекке осындай теріс қылық көрсетпесіне кім кепіл? Не дегенмен де, ата-ананы қадірлеу – бəрімізге борыш боп саналады.
Жұлдызай САҒЫНОВА.
Маңғыстау облысы, Есет ауылы.

ПІКІР ЖАЗУ