Алтын кубок — ИСПАНИЯДА!

11bet_f15Оңтүстік Африкадағы футболдан алаулатып, жалаулатып өткен Əлем біріншілігі күтпеген құбылыстар мен тосын оқиғаларға толы болғаны сондай, жанкүйерлер есептерінен əр ойын сайын жаңылысып жатты. Мəселен, біріншіліктің финалдық бəсекелеріне дейін барып қалар деп жорамалдаған азуы алты қарыс Ұлыбритания, Италия, Франция құрамалары сегізден бір финалдық бəсекеге жете алмаса, аяқдоптың «құлағында» ойнайтын Аргентина мен Бразилия құрамалары жартылай финалға жете алмай сүрініп жатты.

Осындай болжауы қиын қызықты да қатаң іріктеу-ден сүрінбей өткен Германия, Голландия, Испания сынды кəрі құрылық Еуропаның үш бірдей командасы мен латынамерикандық жалғыз құрама Уругвай ғана олжалы үш орынды өзара бөлісуге сақадай сайланып шықты.
11bet_f2_d0b8d0bad0b5d180-d0bad0b0d181d0b8d0bbd18cd18fd18111bet_f3_muller11bet_f4_forlan2

 Икер КАСИЛЬЯС                      Томас МЮЛЛЕР.                                       Диего ФОРЛАН.

«Кіші финалдық кездесуде» Германия мен Уругвай ойындары өте тартысты да əсерлі өтті. Германия бұған дейін əлемдік футбол шыңын үш мəрте бағындырған, қоланы да үш рет олжалаған əккі де табанды команда еді. Ал Уругвай əлемдік футбол тəжінің ең алғашқы иегері (1930) жəне бұл биіктікті 1950 жылы да бағындырғанымен, соңғы елу жыл бойы əлемдік футбол додасының финалдық деңгейіне жетіп көрмеген еді. Дегенімен, əлемдік сындардың топтық кезеңдерінен қиналмай өтуді дəстүрге айналдырған «немістердің футбол машинасы» бұл жолы да табандылығын танытып, уругвайлықтарды 3:2 есебімен сүріндіріп, қола медальді қанжығасына байлады. Бұларға қарағанда əлемдік алтын үшін айқасқа түскен Испания мен Голландия құрамаларының екеуі де əлемдік додада топ жарып көрмеген еді. Голландиялықтар əлем чемпионатының финалында екі рет бақ сынап, күмісті қанағат тұтқан еді. Əр кезде де талантты футболшыларға кенде болып көрмеген Испания құрамасы бұған дейін финалға жетіп көрмеген. Ойын барысында қос елдің деңгейі тең екенін байқатты. Негізгі ойыннан нəтиже болмаған соң, отыз минуттық қосымша ойын да арпалыспен өтті. Қос қақпашы Касильяс пен Стекеленбугтің шеберлігіне риза болдық. Екі жақтың шабуылшылары да қаншама сəтті қапы жіберіп алды. Ойын үстінде тəртіп бұзушылар да көп болды, бір ойында 11 сары жəне бір қызыл кəртішке (голландық Хайтинга 109-минутта алаңнан қуылды). Дегенмен, қосымша ойын аяқталуға төрт минут қалғанда, Андрес Иньеста бір голды соғып, күллі Испан халқына мерекелік қуаныш сыйлады! Сөйтіп, бұған дейін екі рет – 1964 жəне 2008 жылдары Еуропа чемпионы атанған Испания құрамасы тарихта алғаш рет əлем тəжін ұтып алды.
Футбол мамандарының таңдауы бойынша, Уругвай құрамасының шабуылшысы Диего Форлан біріншіліктің ең үздік ойыншысы болып танылып, «Алтын доп» иегері атанды. Ең үздік жас ойыншыға берілетін «Алтын бутса » неміс футболшысы Т.Мюллерге бұйырды.
Ал үздік қақпашы атағына испандық Икер Касильяс лайық деп табылды.
Гүлмінез ҚЕҢЕСҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *