Мағжан ЖҰМАБАЕВ

8bet_f17Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (1893-1938) – қазақ әдебиетінің көгінде ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақын.
Туған жері – бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілігімен, парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған.
Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Тағы оқу іздеп Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесі бойынша жоғары діни оқу орнымен пара-пар медресе —  Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына  алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, осы кісінің ақыл-кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.
Жастайынан орысша  оқып, орыс әдебиеті мен мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынмен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық  лирикаға қарай ойысады. Бұл кез оның қазақтың ардақты азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздары-ның өнегесі ақын жанның тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді.
Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады. Білімі толысып, тәжірбиесі молайып, кемелді шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түр-
меге қамайды. Сөйтіп, 1929 жылдан бастап
ақын қуғын-сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М. Горький мен оның әйелі  Е.Пешкованың  араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, келесі жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.
Әзірлеген Ж. КУЧУКОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *