Қырмызы

6bet_f17Бейімбек МАЙЛИН
…Әдемі түске кірді: Қыз-бозбала тегіс жиылған бір үй. Жұрттың бәрі қуанышты… Қырмызы бір жерге тұрақтамай қалың топқа көз жүгіртіп әлде кімді іздеумен болды. – Оны енді іздеме, іздегенмен саған жоқ, – дейді біреу. Қырмызының ашуы келіп қалтырап кетті. Тоқтаусыз жүгіріп іздеді. Бір қара күңгірт жерде әлде не көзге елестегендей болды. Адам секілді. Тұрған тұрысы, киімі таныс. Жақындап келіп еді, Қамбар. – Қарағым-ау, мен сені іздеп жүрмін ғой, – дей бергенде: – Келме, – деп қол сілікті. Қырмызы шошынып, өкпелеген тәрізді боп тұра қалды. Қамбар жымиды. Жүзіне нұр құйылып бір түрлі сәуле шашқандай болды. «Мен саған өкпеледім, мені ұмытып кеттің» дейді. Қырмызы бірдеңе айтайын деп еді, тілі тұтығып айта алмады. Екі көзі Қамбарда, қатты да қалды. Қырмызының ынтығып сағынып тұрғанын білгендей Қамбар орнынан қозғалып жақындағандай болды. Киген киімі қып-қызыл, көзге шағылысып құбылып тұр… Құшағын жайды. «Кел, қалқам!..» дейді… жас жүрегі алқынып, сүйген досының, көптен көрмеген Қамбарының жылы құшағына атылып кіре берейін дегенде: – Ау, тұрсайшы, күн түс болды ғой, – деген шешесінің сөзіне Қырмызы оянып кетті. Жүрегі дүрсілдеп, алқынып тұла бойы бусанып терлеп қалған екен. Кенет ойына түсті, жылағысы келіп кетті. Манадан бері көргенінің бәрі түс екенін білді. Көптен бері сағынып, бір ауыз сөзіне ынтық болып жүрген Қамбарының жылы құшағына кіргізбей тәтті жерінде түсін бөлген шешесіне ішінен нәлет оқыды. Тұла бойы мең-зең… тұрып киініп күйенте мен шелегін алып суға жөнелді… Қырмызы суға жеткенше түсін ойлаумен болды. Қамбардың кеткеніне дәл бір жыл. Сағынған уақыттарында түсінде көретін. Бірақ бүгінгі түсі бұрынғыға қарағанда өзгешерек. Жүрегі соғып, дүрсілдеп барады. Былтыр… нақ осы кез… онда да сәске кезінде суға келген. Шелегін жерге қойып су ала бергенде арт жағынан біреу келіп: – Қырмызымысың! – деген. Жалт қараса Қамбар. Мұздай киініп, қамшысы сүйретулі төніп тұр. Қырмызы өзін-өзі ұстай алмай еріксіз құшақтаған… еркін сүйісіп, айрыларда: «қош!» деген Қамбар: «Мен жол жүріп барамын, елді казачий қаптап кетті. Мен отыра алатын емеспін. Дос бар, дұшпан бар, күні ертең «большевик» деп өлтіреді ғой; елде жүріп текке өлгенше, ілгергі жақтағы жолдастарға қосылып теңдігімді ала өлгім келеді… ренжіме, Қырмызжан, күнім туса келер жылы нақ осы жерде, осы құм меже болсын, бүгінгідей ойнап қосылармыз… мен сені сүйем, дүниенің қай бұрышында жүрсем де, сен ойымнан шықпайсың… мен де ұмытпайын, сен де ұмытпа… деп сүйіп-сүйіп алған… сол құмы осы. Қамбардан айырылғанына әзір бір жыл. Қамбар бүгін үйіне келіп, суға келген Қырмызыны ұшыратуға іздеп жүр ме – жас жүрек толқынданып лоблып, дәйек тұтып отыра алмастық дәрежеге келді… – Құдай-ай, – деді Қырмызы. – Құдай-ай, жас жүректің тілегі қабыл дейтін еді. Бір тәуліктен бері зарлағаным жетерлік болып еді ғой… сүйгенімен кездесіп ойнап күлген адамның арманы бар ма екен? Қалың тоғайдың арасы сыбдырлап ашылып әлдекімге жол бергендей болды. Қырмызы шошынған да, қуанған да тәрізденді. «Сол ма екен» деген ойды ойлап бітірместен-ақ «сол шығар» деп көңілін сендірген секілденді. Болмады. Қамбар дегені көршілес жеңгесі Рақыш болып шықты, қолында ұзын шыбық, бұзау айдап жүр. – Не қылып тұрсың, еркежан, – деді жақындап келіп. – Апырым-ай, құдайдың күнінің ызғырығы-ай, тоңдырып барады ғой, – деді. Қырмызы, мұны тәтті түсін бөлген шешесінен бетер жек көрді. Үндемей қалуды лайық көрмей: – Қыс болған соң суық болмай қайтушы еді, – деді. – Қайдағы қыс. Боқырау әлі біткен жоқ. Былтыр бұл уақытта кәдімгідей суық еді ғой, есіңде бар ма, ауылға көп солдат келіп әлгі Қамбар қашатында… – Ия, – дей салды Қырмызы. – Сен есіттің бе, еркежан, айтпақшы сол Қамбар, былтыр соғысқа барып өліпті ғой. – Қойшы, – деді Қырмызы. Сұп-сұр болып кетті. Жас, жүректен қайнап шыққан ыстық жас мөлт-мөлт етіп көзінің жанарына толып қалды. – Өлген шығар, – деді. Мөлдіреген жас бетін жуып кетті. (Әңгіме журналға лайықталып, ықшамдалып берілді).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *