Дауыстан сүрінбеген әнші бала

10bet_f17Редакция бөлмесіне екі ер кісі мен бір шынашақтай бала кірді. «Міне, іздеген әнші балаңыз алдыңызда тұр» — деп, біреуі әлгі баланы көрсетті. Мен алдында «Әнші баланың ерекшелігі сол, әнді тірі дауыспен айтады, тек үлкендердің әнін орындайды, бидің де түбін түсіреді» деген мақтауларды естіген соң, әнші баланы тіптен басқаша елестетіп жүргенмін… Ал, баланың қасындағы әкесі әрі сазгер Қанат Ибрагимов болып шықты.
— Әнші баламыздың аты – Ермек Балжігіт, 7 жаста, қаладағы № 40 мектептің 1-сыныбында оқиды, — деп, алдымен баласын таныстырды.
Ермек шынында да пысық әрі жасына қарамай ересек адамдай тақылдап тұр. Қойған сауалдарымызға қысылмай, іркілмей жауап береді.
— Төрт жасымнан бастап ән айтамын, бес жасымнан сахнаға шыға бастадым, — деді Ермек. – Майкл Джексонның стилімен
ән айтамын, рэп билеймін. Күні кеше «Қазақстан» телеарнасында жасөспірімдер арасында өткізіліп жатқан «Айгөлек» жоба-байқауына қатыстым. Екі турынан жоғары балмен өттім, енді екі туры бар. Алдағы маусым айында Астанада гала-концертпен қорытындыла-нады.
— Бәрекелді, Жеңіс биігінен көрін! Репертуарыңда қанша ән бар, қандай әндер?
— Алты әнім бар. Алғаш Ерболат Құдайбер-геновтың қарындасына арнаған «Салтанат» әнімен шықтым. М. Мақатаевтың кештерінде Мұқағалидің «Қазақ жері», «Наурызнама» әндерін орындадым. Республика сарайында екі жыл қатарынан «Менің атым Ермек» деген әнмен шығып, сонымен танымал болдым. «Шаншар» театрымен бірге Астана, Шымкент, Түркістан қалаларында ән айттым.
— Ән айтуыңа, өнерге келуіңе кім себепкер болды?
— Кішкентай кезімнен Майкл Джексонға еліктеп ән айтатынмын. Қазір де М. Джексонның қазақшаға аударылған «Биле» әнімен сахнаға шығып жүрмін. Сосын әкем де ән шығарады.
— Әкеңнің қандай әндерін білесің?
— Көп ән шығарған. «Мұзарт» тобы ең алғаш әкемнің «Сенің көзің» әнімен шыққан. «Нұрмұқасан», Қайрат Нұртас, Досымжан Таңатаров және тағы басқа әншілер «Жалғыз аққу», «Мендегі көңіл», «Жүрек сыры», «Аңсағаным» әндерін орындайды.
— Достарың көп пе?
— «Айгөлек» байқауында Әлихан деген баламен достастым. Сәкен, Досымжан, Қайрат, Ерболат, Саят деген достарым бар.
— Олармен де «Айгөлекте» таныстың ба?
— Жоқ, олар үлкен әншілер ғой (күледі).
— Сахнада жүргенде қызықты оқиғалар болып тұра ма?
— Тойларда ән айтып жүргенде екі рет құлап қала жаздадым. Біреуінде қолымнан микрофон түсіп кетті. Жерден көтеріп алдым да, әнімді жалғастырып әкеттім.
— Мектептегі оқуың қандай? Ұстаздар мен оқушылар, сыныптастарың ән салғаныңа қалай қарайды?
— Оқуым жақсы. Сабағыма кедергісі жоқ. Ұстаздарым концерттеріме жіберіп тұрады. Үзіліске шыққанда, кейбір балалар «Анау баланы теледидардан көрдік. Сахнаға шығып ән айтады», — деп мені танып жатады.
— Болашақта кім болғың келеді?
— Әнші, биші болып жұмыс істесем деймін.
— Бәрекелді, талабың оң болсын!

Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *