Алаштың арысы — Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

6bet_f16Аймауытов Жүсіпбек (1889 – 1931) қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. 
Туып-өскен жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Алғаш  ауыл молдасынан сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауылшаруашылық школында, Керекудегі екі класты орыс-қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Семейдегі  мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919).  Мұнан соң алашордашылардың істеріне, Семейде «Абай» журналын шығаруға араласады. Сонда Қ.Сәтпаевпен, М. Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919).  Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының, орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады.  1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағына оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз» атты пьессалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалар мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты  мұғалімдерге  арналған көмекші құрал, «Психология» құралы бар. Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай-қайсысы да оның кесек дарын  иесі екендігін, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ-қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра  көркемдік тегеурінінің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлік-шалымдары Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.  
(Баспасөз материалдары негізінде дайындалды).

ПІКІР ЖАЗУ